Депутат Екатерина Смолякова: «Баланы жүйеге емес, жүйені балаға бейімдеу керек»
Қазақстанда 678 мыңнан астам студент білім алады, жыл сайын 77 мыңнан астам грант бөлінеді. Алайда диплом мен грант саны сапалы білімнің көрсеткіші бола ала ма?
Қазақстанда жоғары оқу орындарында 678 мыңнан астам студент білім алады, ал жыл сайын 77 мыңнан астам білім гранты бөлінеді. Дегенмен білім беру жүйесінің нәтижесін диплом мен грант санымен ғана емес, түлектердің еңбек нарығында өз орнын табуымен және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасауымен де бағалау керек. Бұл туралы Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова ҚР Президенттік орталығында өткен Республика күніне арналған дөңгелек үстелде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың сөзінше, 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның тәуелсіздікке бастар жолын айқындаған тарихи құжат болды. Оның маңызы саяси дербестікке ұмтылумен ғана шектелмейді. Декларацияда елдің аумақтық тұтастығы, экономикалық дербестігі, ұлттық мәдениеті мен тілін дамыту секілді іргелі қағидаттар көрініс тапты.
«Бір ұрпақ тәуелсіздіктің іргесін қалады, екінші ұрпақ мемлекеттің институттарын қалыптастырды, ал біздің ұрпақтың алдында сол тәуелсіздікті жаңа тарихи жағдайда нығайту міндеті тұр», – деді Екатерина Смолякова.
Оның пікірінше, қазіргі кезеңде егемендікті тек мемлекеттік шекара мен саяси дербестік арқылы бағалау жеткіліксіз. Бүгінде елдің интеллектуалдық әлеуеті, экономикалық тұрақтылығы, әлеуметтік әділеттілігі және ұлттық бірегейлігі де маңызды өлшемге айналды.
Білім беру – экономикалық дербестіктің негізі
Депутат әлемдегі мемлекетаралық бәсекелестіктің сипаты өзгергенін атап өтті. Бұрын елдердің қуаты көбіне табиғи ресурстармен өлшенсе, қазір білім, ғылым, технология және адами капиталдың сапасы стратегиялық маңызға ие.
Осы тұрғыда Қазақстанның жасанды интеллект дәуіріндегі орнына қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, ел технологияны тұтынумен шектелмей, оны әзірлеп, дамытуға қабілетті болуы керек. Бұл міндетті жүзеге асыруда білім беру жүйесінің рөлі ерекше.
«Жасанды интеллект дәуірінде Қазақстан технологияны тек тұтынатын мемлекет болып қала ма, әлде оны жасайтын мемлекетке айнала ма? Міне, маңызды сұрақ осында», – деді депутат.
Екатерина Смолякова елдегі білім беру жүйесінің мүмкіндіктері мен өзекті мәселелеріне де тоқталды. Оның келтірген дерегінше, 2025-2026 оқу жылында Қазақстанда 116 жоғары оқу орны жұмыс істеп, онда 678 мыңнан астам студент білім алған. Сонымен қатар жыл сайын 77 мыңнан астам білім гранты бөлінеді. Соңғы үш жылда елімізде шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының 30-дан астам филиалы ашылған.
Депутат бұл көрсеткіштер адами капиталға салынып жатқан инвестицияны көрсететінін айтты. Алайда оның пікірінше, білім беру жүйесінің нәтижесін тек студенттер саны, гранттар немесе жоғары оқу орындарының көбеюі арқылы бағалауға болмайды.
«Негізгі мәселе – білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы алшақтықты қысқарту. Диплом беру – бір бөлек, ал сол диплом қазіргі нарықтың талабына сай болды ма, маман өз саласы бойынша жұмысқа орналаса алды ма, еңбек нарығында өз орнын таба алды ма – негізгі өлшемдер осы», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, мамандарды даярлау сапасы елдің экономикалық дербестігіне тікелей әсер етеді. Өз мамандарын даярлай алмайтын және технологиясын дамытпайтын мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктері де шектелуі ықтимал.
Инклюзивті білім беру: кедергісіз орта қалыптастыру жеткілікті ме?
Екатерина Смолякова елдің даму деңгейін экономикалық көрсеткіштермен ғана бағалау жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, азаматтардың өмір сапасы мен білім алудағы тең мүмкіндіктері де маңызды.
Депутаттың келтірген мәліметі бойынша, Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала бар. Ресми деректерге сәйкес, мектептердің 95 пайызында инклюзивті білім алуға жағдай жасалған.
Сонымен бірге депутат инфрақұрылымның қолжетімді болуы әр баланың сапалы білім алуына толық кепілдік бермейтінін айтты. Мектеп ғимаратын бейімдеу мен пандус орнату маңызды болғанымен, баланың қажеттілігіне сай білім беру, арнайы мамандармен қамтамасыз ету және оқу бағдарламасын бейімдеу де қажет.
«Инклюзияға жағдай жасалды деген есеп пен баланың шын мәнінде сапалы білім алуы – екі бөлек мәселе», – деді Екатерина Смолякова.
Ол, мысалы, есту қабілеті бұзылған бала мектепке қабылданғанымен, оқу орнында ым тілін меңгерген педагог немесе қажетті арнайы маман болмаса, оның білім алу құқығы толық қамтамасыз етілмеуі мүмкін екенін жеткізді. Депутат бұл мәселелерді өз қызметі аясында зерттеп жүргенін атап өтті.
Оның пікірінше, білім беру жүйесі баланы қалыптасқан талаптарға күштеп бейімдеуге емес, әр баланың қажеттілігіне қарай икемделуге тиіс.
«Біздің алдымызда тұрған міндет – баланы қалыптасқан жүйеге күштеп бейімдеу емес, білім беру жүйесін баланың қажеттілігіне бейімдеу», – деді депутат.
Екатерина Смолякова инклюзивті білім беруге бөлінетін қаражатты тек әлеуметтік шығын ретінде қарастырмау керегін айтты. Оның сөзінше, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік беру олардың болашақта кәсіби, зияткерлік және шығармашылық әлеуетін іске асыруына жол ашады.
Депутаттың пайымдауынша, Қазақстанның келесі даму кезеңінде білім сапасы, технологиялық әлеует және тең мүмкіндіктер елдің стратегиялық басымдықтары қатарында болуы керек. Ал тәуелсіздіктің мәні осы бағыттардағы нақты нәтижелер арқылы да көрініс табады.