Депутат дәрігер мамандығында оқитын студенттерге мемлекеттік грант саны аз екенін айтты
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырысты тиімсіз бөлінуі жалпы медицинадағы кадр жағдайына теріс әсер етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Нурия Ниязова депутаттық сауалында медицина мамандығында оқитын студенттерге арналған мемлекеттік білім беру гранты санының аздығы туралы айтып берді.
Жоғары оқу орындары қаржы орнықтылығын қамтамасыз ету үшін студенттерді ақылы негізде қабылдауға мәжбүр, бұл инфрақұрылымды шамадан тыс пайдалануға, оқу сапасының төмендеуіне және оқу құнының жоғарылауына ықпал етеді. Мәселен, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіндегі «Жалпы медицина» бағдарламасы бойынша бакалавриат студенттерінің 70%-ы, ал «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» мамандығы бойынша тек 4% ақылы негізде оқытылады. Себебі Ғылым және жоғары білім министрлігі жалпы медицинаға қарағанда фармацевтикалық өндіріс технологиясына көбірек грант бөледі.
2023 жылы «Жалпы медицина» мамандығына барлығы 250 мемлекеттік жалпы білім беру гранты бөлінді. Өңірлерде тапшы кадр болып отырған барлық мамандықтағы болашақ дәрігерлердің бәрі осы мамандық бойынша оқытылады. «Педиатрия» мамандығы бойынша 2023 жылы 109 грант бөлінді, бұл болашақ неонатологтар мен барлық мамандықтағы балалар дәрігерлері болып табылады. Сонымен қатар медициналық кадрлардың тапшылығы бүкіл еліміз бойынша жылдан жылға 3,5-4 мың маман болып сақталып отыр. Бұл жағдайда Денсаулық сақтау министрлігі жекелеген дәрігер мамандығы бойынша тапшылықты жоюға ықпал етуі және өңірлердің қажетіне орай мемлекеттік білім беру грантын бөлуі тиіс, - деді Нурия Ниязова.