Депутат Дана Нұржігіт Қазақстан мен Қытай арасындағы маңызды мәселені ашық айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Дана Нұржігіт Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымына қатысты соңғы 4 жылдағы статистикадағы ауытқушылыққа қатысты мәселе көтерді.

Есеп комитетінің ақпаратына сәйкес, биылғы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша кедендік төлемдер, салықтар, өсімпұлдарға қатысты берешек 26,7 млрд теңгені құрады. Былтырғы жылмен салыстырғанда берешек 10,8 млрд теңгеге немесе 68 пайызға өскен. Енді мына көрсеткішке назар аударыңыздар: Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымына қатысты соңғы 4 жылдағы статистикадағы ауытқушылық бар, - дейді Дана Нұржігіт.

Ол бұл ауытқушылық 45-59 пайыз аралығын көрсетіп отырғанын айтты. 

Яғни бұл бюджеттегі шығын деген сөз. Жобамен бұл цифр 55,3 млрд долларды құрайды. Алайда жүргізілген аудит осы сәйкессіздіктердің сомалары мен себептері туралы сенімді ақпаратты анықтай алмады. Статистика Қытай мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында да бар. Осыған орай мынандай сұрақ туындап отыр: Қазақстанның  Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен жүргізілген айналма сәйкессіздіктер бар ма?, - деп сұрады депутат Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан.

Сауалға жауап берген министр Қытаймен сауда жасайтын елдердің бәрінде осындай статистикалық ауытқушылық бар деп отыр.

Шынында, статистика саласында жіберілетін қателіктер болады. Бірақ екі елдің арасындағы тауар айналымында бұл статистика әрқашан көп болып тұрады. Бір мысал келтірейін, әлемдегі екі алпауыт ел АҚШ пен Қытай арасындағы статистикалық қателіктер 50 млрд доллардан асады. Қытай мен Германия арасындағы статистикалық ауытқушылық та дәл солай. Басқа елдермен де Қытайдың айырмашылығы осындай. Біз үшін де бұл үлкен мәселе, - дейді Ерұлан Жамаубаев.

Ол мұның бірнеше себебі бар екенін айтты.

Біріншіден, Қытай тауарлардың барлығын экспорт деп жаза береді. Содан кейін осылай болады. Екіншіден, бізде Қорғаста тауарларды деклорациясыз енгізетін мүмкіндік бар. Қытай оның бәрін экспорт деп атайды, яғни біз деклорацияланбайды. Сондықтан статистикалық қателік болып есептеледі. Соған қарамастар онлайн-режимде екі ел арасындағы статистикалық алмасуды күшейттік. Соңғы 2-3 жылда 60 пайыздан 45 пайызға дейін түсірдік. Әлі де азайтуға тырысамыз. Бірақ 0-ге айналдыру мүмкін емес, - дейді министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы