Депутат ChatGPT-ден қорқатынын айтты
Жасанды интеллект туралы заң жобасын талқылауда Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жасанды интеллектінің зиянын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жасанды интеллектке байқап қараймын. Тіпті кейде қорқамын. Шынымен қорқамын. Себебі бұл - интеллектуалдық деградацияға апарудың бір жолы. Адам өзі ойланып жазбаса, композитор музыкасын шығармаса, қалай болып барамыз?! Әлем жасанды интеллекті қолданды деп, біз де соңынан ере береміз бе?! - деп депутат қазақылығымыз қайда қалатынын сұрады.
Баққожаев шенеуніктің ChatGPT-ге материалдарын салып, бастығының тапсырмасын тез орындағысы келген жағдайды мысалға келтірді.
Бұл алма піс, аузыма түс деген жалқау шенеуніктерге жақсы болды. Ал енді ChatGPT-тің ар жағындағы бенефициары кім? Ол материалдарды жинап, ертең өзімізге қарсы пайдаланбайтынына кім кепіл? - деп сұрады мәжілісмен отырыста.
Иифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин депутаттың сұрағына жауап берді.
ЖИ-дің жақсы жағы да бар. Жылдың аяғына дейін мемлекеттік органдармен бірге 50-ге жуық ЖИ шешімдерін ассистент ретінде әзірлейміз, - деді ол.
Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілі Дәурен Мұңайтпасұлы тәуекелдер әрқашан болатынын айтты.
Заң жобасында тәуекелге алып келетін сұрақтың басым бөлігін жабуды қарастыру керек. Негізі жаңа технология енгізілгенде тәуелкелдер барлық кезде болады, - деп толықтыра кетті ҰҚК өкілі.
Депутат Баққожаев сөз сұрап, өз ұсынысын жасады.
Біз алдағы уақытта заңды қабылдай жатармыз. Бірақ дәл қазір шектеу қою керек. "Шенеунік құпия материалдарды ешкімге бермеймін" деген міндеттеме алады. Бірақ ChatGPT-ді еркін пайдаланып жүрген шенеуніктердің ертең оны салмайтынына кім кепіл? Сондықтан заң қабылданғанша, мемлекеттік органдарға пайдалануға шектеу қою керек, - деп ұсынды ол.
Еске сала кетейік, Мәжілісте "Жасанды интеллект туралы" заң жобасы мен оған қатысты заңнамалық түзетулер таныстырылымы өтіп жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев жасанды интеллект елімізде адамдарды жұмыссыз қалдыруы мүмкін екенін айтты.