Депутат БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын төлеу кезіндегі салықты жоюды ұсынды
Бекболат Орынбеков өзінің депутаттық сауалында зейнетақы жинақтарын төлеу кезінде жеке табыс салығын ұстауды жою туралы мәселені қарауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдеріне қазір 10% жеке табыс салығы салынады. Азаматтар өз жинақтарының бір бөлігін қазір тұрғын үй сатып алу немесе емделу үшін пайдалана алады. Бұл ретте ақша алған кезде бірден немесе зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін ай сайын тең үлеспен салық төлегеннен кейін жүзеге асуы тиіс. Алайда, бұл жағдайда адамның қолында қалған ақша мөлшері ең төменгі зейнетақы мөлшерінен де аз немесе одан да аз болуы мүмкін.
БЖЗҚ-дан жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен арнайы әлеуметтік төлемдер тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделуге ақы төлеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемін алу кезінде туындайтын кейінге қалдырылған ЖТС сомасына түзетілуі тиіс. Осы түзетудің салдарынан зейнетақы төлемі мөлшерінің едәуір азаю қауіпі бар. Ал кейбір жағдайда оның мөлшері ең төменгі зейнетақы мөлшерінен де аз болады. Мұның бәрі зейнетақы төлемдерін алушылар тарапынан әлеуметтік шиеленіс пен наразылықтың туындауына әкелуі мүмкін, - деді Бекболат Орынбеков.
Сенатор осыған байланысты өз ұсынысын жолдады. Олардың бастысы – зейнетақы жинағын төлеу кезінде жеке табыс салығын ұстамау болып отыр.
БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемі зейнеткерлер мен Қазақстан халқы үшін әлеуметтік маңызды мәселе болып табылады, осыған байланысты зейнетақы төлемінен салық түрін ұстап қалу зейнетақы сомасын азайтады, бұл қазіргі нарықтық жағдайда айтарлықтай маңызды мәселе, себебі Зейнетақы қорынан түсетін төлемдер – зейнеткерлер үшін негізгі табыстың бірі. Осыған байланысты, болашақ зейнеткерлердің әл-ауқатына оң ықпал ету мақсатында барлық зейнетақы жинағын төлеу кезінде ЖТС ұстап қалуды жою туралы мәселені қарау ұсынылады, - деп атап өтті сенатор Орынбеков.