Депутат: Бюджет қаражатын IT-шешімдерді әзірлеуге жұмсау орынсыз
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Депутаттар жеке секторда жұмыс істеп жатқан IT-жобаларға бюджет қаражатын жұмсау орынсыз деп санайды.
Бұл туралы «Ақ жол» фракцияның депутаттық сауалын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне депутат Ғани Хамзин жолдады.
Оның сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Еңбек министрлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды көлеңкеден шығару бағдарламасы мен «платформалық жұмыспен қамту» қосымшасын таныстырды. Ол өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға тіркелуге және тапсырыстар табуға көмектеседі.
Қосымшада рейтингтер, қысқартылған еңбек шарты қарастырылған, Еңбек министрлігінің растауы бойынша бұл платформа Kaspi-ге ұқсас болады. Өнім қазірдің өзінде жасалды және сынаудан өтті. Оны әзірлеуге «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ жауапты. Бұл квазимемлекеттік кәсіпорын, оның жалғыз акционері - Еңбек министрлігі. Бұл «Платформалық жұмыспен қамтуды» әзірлеу және енгізудің ақысы салық төлеушілердің есебінен төленетінін білдіреді, - деді Хамзин.
Айтуынша, мемлекеттік кәсіпорын бізде 2014 жылдан бері енгізіліп келе жатқан «Yellow pages rule» қағидасына қайшы жеке нарықпен бәсекелесуге ниетті. Жоғарыдағы аталғанға ұқсас қосымшаларды жасаушылар Naimi.kz, Easy Top, Market.kz. OLX және басқалары қосымшаны әзірлеуге және маркетингке өз қаражаттарын салған.
Депутаттың мәліметінше, Market.kz-тің тек қызмет көрсету бөлімінде 43 мыңнан астам хабарландыру, Naimi.kz өткен жылы 134 мың маманды жұмыспен қамтыды. Бұл тек екі компанияның көрсеткіші. Олардың барлығы уәкілетті орган айтқан мәселелерді шешуге бағытталған. Сондықтан «платформалық жұмыспен қамту» қосымшасын енгізу туралы жаңалық стартапшылар үшін жағымсыз соққы болды.
IT-бизнеске қатысты келісілмеген саясат бар. Цифрлық даму министрлігі Astana Hub құрылтайшысы болып табылады және IT-стартаптарды дамытуға көмектеседі, ал Еңбек министрлігі бұл стартаптармен бәсекелеседі. Фрилансерлер «таза» жұмыс істеуі үшін жағдай жасау қажет. Негізінен фрилансерлер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін нормативтік реттеу жоқ. Мәселен, Ресейде бұл проблеманы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимін енгізу есебінен шешеді: 4% - егер жеке тұлғалар басқа жеке тұлғаларға қызмет көрсетсе, 6% - егер өзін-өзі жұмыспен қамтығандар заңды тұлғаларға қызмет көрсетсе. Ал бізде министрліктің көмегінсіз өздеріне Тапсырыс таба алатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жағдай әлі жасалған жоқ. Ал қосымшаны жасауға ақша жұмсалып жатыр, - дейді Мәжіліс депутаты.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты «Ақ жол» фракциясы келесіні қажет деп санайды:
1. Жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын ыңғайлы нормативтік реттеуді енгізу.
2. «Платформалық жұмыспен қамту» мобильді сервисін әзірлеуді және қаржыландыруды тоқтату.
«Ақ жол» фракциясы бюджет қаражатын жеке секторда жұмыс жасап тұрған IT-шешімдерді әзірлеуге жұмсауды орынсыз деп санайды. Қойылған міндеттерді шешу үшін бірлескен тәсілдерді қолдану қажет.