Депутат бруцеллез жұққан еттің таралуына алаңдаулы
Сенаттың жалпы отырысында депутат Ернұр Әйткенов бруцеллезбен ауырған мал етінің таралуына алаңдаушылық білдіріп, мәселе көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, мұндай қатердің алдын алу үшін вакциналар мен құлақ белгілерін орталықтандырылған сатып алуды ұйымдастыру қажет. Сондай-ақ сенатор бруцеллезге қарсы вакциналарды сатып алуды қаржыландыруды қамтамасыз етуді ұсынды.
Ол ветеринарияның тиімділігі азық-түлік қауіпсіздігіне, халықтың денсаулығы мен агроөнеркәсіп кешенінің тұрақтылығына тікелей әсер ететінін жеткізді. Вакцина мен мал құлағына салынатын белгілерді жеткізудің ұдайы кешігуі шешілмейтін проблеманың бірі болып келеді.
Сенатор бруцеллезге қарсы вакцинацияға ерекше назар аударды. Вакцина көбінесе мал иесі есебінен сатып алынады, шығу тегі, сапасы мен тіркелуіне бақылау жасалмайды.
Бруцеллездің малға таралуы айқын эпидемиялық ахуалға, адамдардың ауруына ықпал етеді, бұл мүгедектікке әкелетін емделуі қиын ауру. Соңғы 3 жылда Қазақстанда 2 мыңға жуық адам бруцеллез ауруына шалдықты. Санитарлық мақсатта сойылғаннан кейінгі сатылған етке бақылаудың болмауы қауіпті күшейтеді. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, ет ПТР талдауының нәтижесін алғанға дейін сатылымға шығып кетуі мүмкін. Фермерлік қауымдастықтар мұндай етті делдалдар арқылы сатып жіберу жағдайы болатынын растайды, бұл санитарлық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді, - деді Ернұр Әйткенов депутаттық сауалында.
Сенатор сонымен қатар ауылдық жерлерде ветеринария инфрақұрылымы жетіспейтінін атап өтті. 2100-ден астам ауылдық округтің тек 30%-да ғана ветеринарлық бекет бар, олардың көпшілігі нашар жабдықталған. Тіркелген 1 164 сою алаңының тек 497-сі ғана жұмыс істейді. Бұл фермерлерді ветеринарлық бақылаусыз және санитарлық нормаларды бұза отырып малды аулада союға мәжбүр етеді. Материалдық-техникалық база ескірген, жабдық пен көлік 2013 жылдан бері жаңартылмаған, бұл жұмыстың тиімділігін төмендетеді.
Вакцина мен мал құлағына салынатын белгіні орталықтандырып сатуды ұйымдастыруды, сондай-ақ бруцеллезге қарсы вакцинаны сатып алуды қаржыландыруды қамтамасыз етуді ұсынамыз. Бруцеллезге қарсы вакцинацияны бақылаудың ғылыми негізделген тұжырымдамасы мен тәртібін әзірлеу қажет. Етті ПТР-талдау нәтижесін алғанға дейін сатуға тыйым салуды енгізе отырып, санитарлық сою тәртібін жаңарту, сондай-ақ мәжбүрлі союдан кейін ет қозғалысын бақылауды күшейту қажет, - деді сенатор.