"Депутат болғалы қиын болды". Фейк аккаунттан шаршаған Мұқаев мұңын шақты
Депутат Дәулет Мұқаев Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліге фейк аккаунттарға қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мен онлайн платформаны белсенді түрде пайдаланамын. Әсіресе, Instagram-ды. «Дәулеттен», «Дәулет Мұқаев» деген парақшаларымда 3 млн-ға жуық оқырман бар. Бірақ мұның бір теріс жағы да бар. Фейк аккаунтарым өте көп. Мен мұнымен әлі күресіп келемін. Десе де олар түрлі жалған парақшаны ашып, «Дәулеттен ұтыс», «Дәулеттен пәтер», «Дәулеттен несие» деген сияқты аккаунттармен 100-ден астам парақша бар екенін қазір ғана санадым, - деді депутат.
Дәулет Мұқаев оның теріс жағы өзіне де тиіп жатқанын айтты.
Соған алданып қалған азаматтар «бұл мені алдап кетті» деп жатыр. Тіпті депутат болғалы да қиын болды. «Осындай заң шығарып жатырмыз. елдің кредитін жауып береміз. Көпбалалы отбасылардың жағдайын жасаймыз. Нөмір қалдырыңыз» дейді. Елдер оған сеніп, фейк парақшалардағы менің суретімнің астына нөмірлерін қалдырып кетеді. Сөйтіп олар әр адамның What’sApp-ына «сіз миллион ұтып алдыңыз, комиссиясын төлеңіз» деп жеке шығып, 10-12 мың теңгесін сыпырып алып, халықты «блокқа тығып» жатыр, - деп айтты Dauletten.
Ол осы мәселе бойынша полицияға да арызданғанын айтты. Бірақ алаяқтар фейк парақшаның атауларын үнемі ауыстырып отыратын көрінеді.
Арыз беріп, парақшаның сілтемесін қойған кезде олар жоқ болып шығады. Осы мәселені алдағы уақытта қалай шешуге болады? Нақты жоспар, ұсыныстар бар ма? – деп сұрады депутат министрден.