Депутат: Біз ауылды ұмытып кеттік
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің халқының 1,5 млн жуығы кедейлер. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров осылай деді. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Еліміздегі кедейлік мәселесін терең жан-жақты шешпей, саяси тұрақтылықтың ауылы алыс болары сөзсіз. Кеше көшеге шыққан, бұзақылық жасаған азаматтардың көпшілігі біздің қандастар, көпшілігі жас балалар. Олардың бұл жүріс-тұрысы үшін барлығымыздың (менің де) кінәміз бар. Өйткені, ол жастардың мүлдемге "өмір перспективасы" жоқ. Олардың "жоғалтатын ештеңесі жоқ. Проблема осында. Бұл ең бірінші мемлекеттік саясаттың бұрыстығы. Біз ауылды ұмытып кеттік, ауыл мен қаланың арасындағы мәдениет, білім, қаржы деңгейіндегі теңсіздіктің нәтижесінде олар қалаға келеді. Қалада ол жастарды күтіп отырған ешкім жоқ. Еріксіз базар, сауда орталықтарына барады. Ол жақта тәшкі тасып, жүк тасушы болып еңбек етеді. Жалақысы өте аз, әлеуметтік гарантия жоқ, кредиттен кредит. Әке-шешелерінің де әлеуметтік жағдайы төмен - деді депутат.
Сонымен қатар ол, сол жастардың қаланың белгілі бір топтарының тоқ, уайым жоқ өмірін көріп, ішке ыза, ымырасыздық, кек, төзімсіздікке душар болатынын айтты.
Дәл осы кезде олардың жолында діни экстремисттер пайда болып, идеологиялық жұмыс істейді. Өкінішке орай, мемлекет, қоғам, біз осы тәртіпсіздікті өзіміз жасадық. Ауыл мектептерінің білім деңгейін көтеріп, ауылдарда балаларымызды техника, ноу-хау, жаңа біліктілікке баулымасақ, бұл құбылыстан құтылу мүмкін емес. Ауылдардың больница, кітапхана, интернетке қол жетімділік мәселесін шешу керек. Ауылдарда жол мүлдемге жоқ. Ауылдарға барғанда "жол азабының" не екендігін сезінерің анық. Қалаға келген, базарларда еңбек етіп жүрген біздің жастарымызды бизнеске баулу, оларға өмір перспективасын беру бағдарламасын жасау өте маңызды! - деді Ерлан Саиров.