Депутат: Біржынысты отбасылар саны артса, елге қауіп төнуі мүмкін
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин тікелей эфирде оқырмандардың сұрағына жауап бергенде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бізге алып келген арнайы деструктивті идеологияның артында үлкен қаржы топтары, Батыс елдері тұр. Ол біздің рухани құндылықтарымызды, іргетасымызды бұзу үшін жасалып отырған іс-әрекет. Ең алдымен бұл насихаттың бәрі жастарға, балаларға, жасөспірімдерге арналған. Олар әлі психологиялық жағынан қалыптаспаған. Оңды-солын білмейді, - деді депутат.
Тәуелсіз зерттеулерге сәйкес, Канададағы жастар мен жасөспірімдер, яғни 13-24 жас аралығындағы азаматтардың 25%-ы бір рет болсын суицидтік әрекетке барған. Ал Америкада бұл көрсеткіш 40%-ға дейін жетеді. Бұл бір жыныстық қарым-қатынас өкілдері.
Депутаттың айтуынша, бұл дәстүрлі қарым-қатынас ұстанатын жастармен салыстырғанда 3-4 есе көп.
Екіншіден, бұл – демографиялық, экономикалық проблема. Осыны заңдастырған, мәдениетке айналдырған елдерде туу көрсеткіші өте төмен. 1,5, 1,75, тіпті 1-ге жетпейтін елдер бар. Мысалы, Кореяда бала туу саны 0,75. Өсім тұрақты болуы үшін әр ата-ана 1-2 баладан дүние әкелуі керек. Ал демографиялық өсім болуы үшін кемінде 3 бала болуы тиіс. Біз өзіміз үлкен территорияда аз халықпыз. Егер бізде біржынысты отбасылар көптеп таралып кетсе, үлкен проблема болуы мүмкін, - деп айтты Еділ Жаңбыршин.
Депутат мұны еліміздің демографиясына, экономикасына төнген қауіп деп бағалады.
Бұл біздің рухани іргетасымызға, экономикамызға, демографиямызға сынақ. Сол себепті бұдан елімізді қорғауымыз керек. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі.