Депутат: "Бір терезеден" – "бір өтінім" қағидатына көшеміз
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде мемлекеттік қызметтер жаңаша көрсетілмек. Тиісті заңға өзгертулер енгізіліп, бекітілді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсина және ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов мәлімдеді.
Заңда көзделген басты жаңашылдықтар қатарында – мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде көрсету қарастырылған. Бұл дегеніңіз, ендігі жерде мемлекет азаматтың өтінім беруін күтпей-ақ, қызметтерді өзі ұсынатын болады. Мысалы, өмірге нәресте келгенде оның туғанын есепке алу, бала туу бойынша берілетін жәрдемақының екі түрін тағайындау, тұрғылықты мекенжайына тіркеу және балабақша кезегіне қою бір мезетте ұсынылады. Аталған қызмет бүгінгі күні 120 мың анаға көрсетілді, - дейді Майра Айсина.
Тағы бір жаңалық - "бір терезе" қағидатынан – "бір өтінім" қағидатына көшу.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде "композиттік" тәсілді кеңейту. Яғни, бірнеше ілеспе қызметтер кешенді түрде ұсынылады және ол үшін азаматқа тек бір рет өтініш беру жеткілікті. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары оларды дәрігерлік тексеруден өткізу, оқыту және оңалту бойынша 6 түрлі қызмет түрін алады. Және оларды алу үшін 6 бума құжат жинауы қажет. Ендігі жерде оларға бір рет өтініш беру арқылы қызметтің 6 түрін алу мүмкіндігі ұсынылады, - деп атап өтті депутат.
Алдағы уақытта мемлекеттік қызметтің 55 түрін біріктірген осындай 21 композиттік қызмет енгізілетін болады.
Бұдан басқа, енді көшелер мен елді мекендерді қайта атау кезінде деректер базасындағы мекенжай атауы да автоматты түрде өзгереді. Сондай-ақ, эксаумақтық қағидаты енгізілуде, бұл жағдайда азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша мемлекеттік қызметтерді азамат елдің кез келген аймағынан ала алады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Мектептерге арналған PISA-2024 зерттеуі басталды
Өзгелердің жаңалығы