Депутат: Білім беру гранттарын бөлу жүйесіне өзгерістер енгізетін уақыт жетті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев еліміздің жоғары білім беру саласындағы білім беру гранттарын бөлу жүйесіне өзгерістер енгізетін уақыт келгеніне тоқталды.
Ақылбек Күрішбаев бұл туралы Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Бұған дейін депутат ауыл балалары мектептерде алған білімдерінің төмендігіне байланысты мемлекеттік гранттарды ала алмай отырғанын мәлімдеген болатын.
Күрішбаев депутаттық сауалында аграрлық университеттерде қисынсыз жағдайлар қалыптасып жатқанына тоқталды.
Ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінген мемлекеттік гранттарды ең алдымен ЖОО-ны бітіргеннен кейін ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге қажетті уәждері бар адамдарды алу керек. Олар негізінен ауылдың жастары. Көптеген жыл бойы Парламент депутаттары Білім және ғылым министрлігінің алдында ауыл мектептерінің түлектеріне аграрлық мамандықтарға түсу үшін ауылдық квотаны 30%-дан 50%-ға дейін арттыру мәселесін көтеріп келеді. Бірақ мәселе шешілмей отыр, - деді ол.
Сенатордың сөзінше, жыл сайын аграрлық университеттерді бітірушілердің 30%-ы ғана ауылдық жерлерге жұмысқа орналасады. Қалғандары мемлекет қаражаты есебінен оқып, қалаларды жұмыссыздар қатарын толтырып отыр. Осындай себептен ел бюджетінде жыл сайын кем дегенде 1,5 млрд теңге тиімсіз жұмсалады.
Дамыған елдердегі университеттердің тәжірибесін қарастырсақ, онда оқуды өтеудің екі түрлі құны бар. Олар: барлығы үшін шартты құны және әлеуметтік осал топтардағы студенттерге арналған арнайы құны. Сонымен қатар көптеген университетте стипендия тағайындаудың басты критерийі жай ғана үлгерім емес, отбасының табыс деңгейі. Осындай бағдарламалардың негізінде бұл мемлекеттерде әлеуметтік және материалдық жағдайына қарамастан оқимын деген жастарға жоғары білім алуға мүмкіндік берілген, - деп атап өтті Күрішбаев Сенатта.
Қазақстанда биыл мемлекеттік білім беру гранттарына 310 млрд теңге бюджет қаражаты бөлінді. Бұл грант ҰБТ нәтижелері бойынша беріледі. Әлеуметтік осал топтардың әр түрлі санаттарына сәйкес квота небәрі 0,5-5%-ды құрайды. Депутаттың айтуынша, бұл көрсеткіш мәселені шешпейді.
Еліміздің жоғары білім беру саласындағы білім беру гранттарын бөлу жүйесіне өзгерістер енгізетін уақыт жетті. Мемлекеттік гранттар мен стипендияларды тестілеу нәтижелері мен үлгерімі негізінде ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің қолдауынсыз оқи алмайтындарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында бөлген жөн. Бұл шаралар аз қамтылған отбасылардан шыққан жастардың мансаптық өсуіне әлеуметтік лифт бола отырып, елімізде адам капиталын жан-жақты дамытуға мүмкіндік береді, - деп қорытындылады ол сөзін.