Депутат Берік Оспанов Nur Otan пікірсайысына қатыспақ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласында 10 қарашада «Nur Otan» партиясының өңірлік конференциясы өтеді. Онда қалалық мәслихат пен Мәжіліске үміткерлердің партиялық тізімдері анықталады.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Берік Оспанов Шымкент қаласында өтетін пікірсайысқа қатыспақ. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында арнайы жазба жариялады.
Б.Оспанов өзінің праймеризді мұқият бақылап отырғанын айта келе, партияішілік сайлау қарапайым азаматтар үшін саяси қызметке араласуға жол ашқан шын мәніндегі тиімді лифт болғанына тоқталды. Ол осы ретте үміткерлердің кейбіреулеріне өз кеңесін беріп, Парламенттегі жұмыс тәжірибеммен де бөліскен.
Жалпы, олардың қатарында болашақта аға буынды алмастыратын жас, жігерлі жастардың болуы қуантады. Ал праймеризде жастар үшін 20%-тік партиялық квота енгізу Партия төрағасы – Елбасы тарапынан жастарға деген үлкен қолдау болды, - деді Берік Оспанов.
Депутат бүгінде қарқынды дамып келе жатқан Шымкент пен Түркістанның болашақта Оңтүстік Қазақстанның локомотиві болуға тиіс екенін алға тартты. Ол пікірсайыс барысында туған өлкесінің аграрлық секторы мен кәсіпкерлік саласын дамыту мәселесін көтеретінін жеткізді.
Шымкент бүкіл Орталық Азия өңіріндегі нағыз экономикалық оазис болуы мүмкін. Түркістан, өз кезегінде, біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл түркі және мұсылман әлемі үшін ерекше қасиетті мәнге ие. Қала ежелгі тарихқа толы және Қазақстан Республикасының басты туристік бағыттарының бірі бола алады. Бұл екі фактор өңірді азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін пысықтауды талап етеді. Қолайлы климат және құнарлы жер ауыл шаруашылығы дақылдарының көптеген түрлерін өсіруге мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы ретінде мен үшін оңтүстік өңірінің аграрлық секторы мен кәсіпкерлік саласын дамыту мәселесі ерекше өзекті, - деді халық қалаулысы.
Сондай-ақ, ол пікірсайыс барысында басқа кандидаттардың өңірдің өзекті мәселелерінен хабардарлығын байқауға, өз тәжірибесімен бөлісуге мүмкіндік алып, жаңа көзқарастармен таныс болатынына сенімді.