Депутат: Балалар мектептегі жабайылыққа шыдай алмай өмірімен қоштасып жатыр

Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған сауалында мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтасыз ететін шараларды қатаңдатуды талап етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның депутаттық сауалына 19 қаңтар күні жол апатына ұшыраған Ақтөбедегі волейболшылар командасы себеп болып отыр. Естеріңізде болса, оның алдында да тоғыз оқушыны жарысқа апара жатып, «Toyota Estima» автокөлігі аударылған еді.

Өкінішке қарай, кезекті жол апаты жасөспірімнің көз жұмуына алып келді. Орны толмас қайғы. Ата-аналарына қайғырып көңіл айтамыз. Жарақат алған балалардың сауығып ата-анасымен қауышуын тілейміз. Ақпарат құралдарынан оқып білгеніміз, жол апатының болуына бірнеше себеп болып отыр. Ол балаларды тасымалдауда пайдаланған көліктің талапқа сәйкессіздігі және іс-шараны ұйымдастырудағы немқұрайлылық. Кездейсоқ адамдардың басшылық қызметке тағайындалуы және сол сияқты себептер, - дейді Құдайберген Ержан.

 Мәжіліс депутаты қоғамда болып жатқан соңғы келеңсіз жағдайларды толқталып өтті.

Шардара қаласының тұрғындарын жазда екі ай бойы ауыз сусыз қалуы; Мектеп басшыларының және сынып жетекшілерінің немқұрайдылығының кесірінен мектепте зорлық-зомбылық болып жатыр. Ақша бопсалау әдетке айналған. Мектептегі жабайылыққа шыдай алмай балалар өмірімен қоштасып жатыр; Кейбір әскери командирлердің отан қорғаудағы ең мықты құрал ол жауынгер екенін, қатардағы жауынгерлердің арасындағы достығы, бір-біріне деген жанашырлығы мен құрметі маңызды еместігі келеңсіз жағдайларға алып келеді. Ең өкініштісі өлімге алып келіп жатқаны, - деп атап өтті ол.

Депутаттың айтуына қарағанда «Автомобиль көлігі туралы» заңы, Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидалары өз деңгейінде жұмыс атқарып жатқан жоқ. Соның ішінде оқушыларды, жасөспірімдерді тасымалдаудағы талаптар мүлдем орындалмай отыр. Бұл тәжірибе бұрыннан бар. 

Балалар тасымалдаудағы ережелерді қайта қарастырып мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтасыз ететін шараларды қатаңдатуды талап етеміз. Басшылық қызметке тағайындалып жатқан азаматтардың қәсіби біліктілігімен қатар ұйымдастыру қабілетіне аса мән берген жөн болар еді, - деп айтты депутат өз  сауалында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы