Депутат бала туған әйелдерге тісін жөндеуге ақша беруді ұсынды

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова сауал жолдап, көпбалалы аналардың денсаулығы мен жәмдемақы мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Экономиканы дамытудың басты қайнар көзі адам. Ал сол адамды дүниеге әкелетін біздің нәзік жанды әйелдер. Мемлекеттің басты құндылығы адамды дүниеге әкелетін әйел жандар жөнінде мемлекеттік қамқорлық жасап, олардың жан дүниесін аялап, денсаулығына мән беру басты міндет. Әйел босанғаннан кейін денсаулығын сақтау үшін қандай шаралар қарастырылған? – деді депутат.

Сайыров атап өткендей, елімізде бала туғаннан кейін берілетін жәрдемақы бар. Оның мөлшері 1-3 балаға 140 мың теңге, төрт, одан көп балаға 232 мың теңге. 

Бірақ, шынына келсек, бұл әйелге өтемақы емес, баланың күтіміне берілетін сома. Ал Ресейдің ана капиталының сомасы бірінші балаға 639 мың рубль, 3 млн 195 мың теңге, екінші балаға 883 мың рубль 7 млн теңгеге тең. Біздің өтемақымен салыстыруға келе ме? Әрине жоқ. Қазақстанға да лайықты, әділетті ана капиталын жасақтайтын уақыт жетті, бұл - кезек күттірмейтін мәселе, - деп айтты депутат Дүйсеноваға жолдаған сауалында.

Сайыров атап өткендей, елімізде ұзақ мерзімді демографияны дамыту стратегиясының басты аспектісі лайықты ана капиталын қалыптасыру.

Ана бала көтергенде, құрсақта баланың қалыптасуына кальцийді көптеп жұмсап, өзінің тісінен айырылатыны медициналық факт. Көпбалалы атанған 543 мың әйелдің барлығының басында бар зор проблема - ол тістің түсуі. Қазақстандағы стомотологияның бағасының күйіп тұрғанын бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан бірінші кезекте көпбалалы аналарға тісін жөндеу үшін бір реттік қаржылық төлем қалыптастыру қажет, - деп айтты ол.

Ерлан Сайыров бала тапқан әйелдердің денсаулығын қалыпқа келтіріп, ұстап отырудың мемлекеттік стандарттары қажет екенін алға тартты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы