Депутат азаматтарды декларациядан босатудың қаупін атады
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек халықты декларациядан босатсақ, жемқорлардың іс-әрекетіне баға беру қиындай түсетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мен декларациялау туралы нақты айттым. Бұл мәселеге қайтадан оралуымыз керек. Себебі бұл жерде жемқор шенеуніктер мемлекеттік қаржысын, мемлекеттің мүлкін елден шығарған кезде өзінің атына рәсімдемейді. Оны туған-туысқандары, алыс туысқандарының атына рәсімдейді. Сондықтан біз 8 миллион адамды қазір босатып жіберсек, бұл әрине 8 миллионды жауапкершіліктен босатамыз да, жемқорлардың іс-әрекетіне баға бере алмай қаламыз. Мен жалпы Президенттің негізгі бағытын қолдаймын. Бірақ та бұл сұраққа біз кейінгі жылдары қайта қайтіп келуіміз керек, - дейді депутат Мәжіліс кулуарында.
Бақытжан Базарбек болашақта қарапайым халықтың декларацияны тапсыру мәселесі қайта қаралу керек деп есептейді.
Жалпы сыбайластық жемқорлықпен шынайы күресеміз десек, жемқорлардың мемлекеттің бюджеттегі ұрлаған ақшасын мемлекеттік меншікке қайтарамыз десек, шынайы күресті жүргіземіз десек, көзбояушылық емес, біз кейін салмақты түрде бұл мәселеге қайтадан оралуымыз керек, - деп түсіндірді ол.