Депутат: Ауыл тұрғындары әлі күнге дейін сапасыз су ішіп отыр
Сенаттың жалпы отырысында депутат Әлішер Сатыбалдиев Түркістан облысы Сайрам ауданындағы ауызсу мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, халықты сапалы ауыз су және электрмен қамтамасыз ету үшін инженерлік инфрақұрылымды шұғыл дамыту қажет.
Мысал үшін Қарабұлақ ауыл округіндегі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. 59 мыңға жуық халқы бар ауыл округі тұрғындарының тек 60 пайызы ғана ауыз су құбырларына қол жеткізеді. Ауыл халқының 30-35 пайызы құдық және өздері қазып алған су ұңғымаларын пайдалануға мәжбүр болуда. Тұрғындар арасында ішек ауруларына шалдыққандар бар. Ауыл көшелерінің жағдайы мәз емес, 70 пайызы жөндеуді қажет етеді, - деді сенатор Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.
Депутат сонымен қатар аудандағы халық санының өсуіне байланысты жаңа тұрғын үйлер салу қажеттігіне Үкіметтің назарын аударды. Ол сондай-ақ Сайрам ауданында жерге кезекте 56 мыңнан астам азамат тіркелгенін, яғни ауданның әрбір төртінші тұрғыны кезекте екеніне тоқталды.
Осы мәселені шешу үшін Сайрам ауданының жер учаскелерінде инженерлік коммуникациялар салу жоспарланып отыр. Құны 891 млн теңгеге жобалық құжаттама дайындалды. Сонымен қатар аудан тұрғындарын тұрақты электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында Ақсукент ауылынан қосалқы электр станциясын салу үшін құны – 1,7 млрд теңгені құрайтын жобалық сметалық құжаттар әзірленген. Жоғарыда аталған мәселелер бойынша барлық тиісті құжаттар рәсімделіп, республикалық бюджеттен қаржыландыру бойынша өтінімдер жолданған, - деді депутат.
Сенатор осыған байланысты Әлихан Смайыловтан «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында айтылған мәселелерді республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесін қарауды сұрады.