Депутат арнайы әлеуметтік шоттар енгізуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Қазақстанда бұғаттаудан қорғалатын әлеуметтік шоттар енгізуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Депутаттың айтуынша, бүгінде елде 38 миллионнан астам банк шоты бұғатталған.

Мәжіліс отырысында ол Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымовадан әлеуметтік шоттар ашу бастамасына көзқарасын сұрады.

Мен азаматтардың ең төменгі табысын қорғау және коллекторлар мен борышкерлердің құқықтарын тең сақтау мақсатында қорғалған әлеуметтік шот немесе арнайы банк шотын құру туралы түзету енгіздім. Мұндай шотқа ай сайынғы түсім 300 мың теңгеден аспайтын жағдайда, өндіріп алу шаралары қолданылмауы тиіс. Азаматтардың ай сайын 300 мың теңгеге дейінгі табысы арестен қорғалған әлеуметтік шоттар енгізу бастамасына қалай қарайсыз және шоттары бұғатталған азаматтар үшін қандай шаралар қарастырылып жатыр? – деді депутат.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова әлеуметтік тұрғыдан осал және табысы төмен азаматтарды қорғауға бағытталған жаңа нормалар енгізілгенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, былтыр қабылданған заң аясында агенттік азаматтардың табысының белгілі бір бөлігін қаржы ұйымдары өндіріп ала алмайтындай етіп шектеулерді кеңейткен.

Біз табысы төмен азаматтарды қорғау мақсатында заңға арнайы нормалар енгіздік. Екі ең төменгі күнкөріс минимумына дейінгі сома борышкердің шотынан өндіріп алынбайды. Бұл шектеу проблемалық берешегі бар азаматтарға қатысты да қолданылады. Енді оған қоса, бірқатар әлеуметтік төлемдер мен табыс түрлеріне де қол сұғуға тыйым салынды, – деді Мәдина Әбілқасымова.

Агенттік төрағасы сондай-ақ әлеуметтік әлсіз топтардың шоттары бұғатталған жағдайда банктермен жеке тәртіпте жұмыс жүргізілетінін атап өтті.

Біз әлеуметтік осал азаматтардың жағдайына ерекше назар аударамыз. Банктермен бірлесе отырып, мұндай азаматтарға толық көмек көрсету – біздің басты мақсатымыз. Сондықтан жаңа қорғау шараларын қарастыруға дайынбыз, – деді ол.

Айта кетейік, бүгін Мәжіліс «Банктер және қаржы нарығын реттеу мәселелері туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжаттың басты мақсаты – банк жүйесін азаматтар үшін барынша ашық әрі түсінікті ету. Енді банктер өз өнімдері туралы барлық ақпаратты ашық көрсетуге міндеттеледі: пайыздық мөлшерлемелер, мерзімдер, комиссиялар мен несие шарттары қарапайым әрі түсінікті тілде жазылуы қажет.

Сонымен қатар, заңда цифрлық теңгенің ресми мәртебесі бекітіліп, цифрлық қаржы активтерін реттеу тетігі енгізіледі.

Жаңа нормалар бойынша, жүйе құраушы банктердің анықтау критерийлері нақтыланады және олардың тізімі ашық түрде жарияланатын болады.

Тағы бір маңызды жаңалық – қаржы омбудсмандарының бірыңғай офисін құру, ол қазіргі банк, сақтандыру және микроқаржы омбудсмандарын біріктіреді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы