Депутат архив саласын сынады
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров еліміздегі аудандық архивтердің жағдайына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан бойынша 171 аудан бар, бірақ олардың көбінде архивтердің цифрландыру деңгейі өте төмен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
70-80 жылдардан қалған құжаттар сөрелерде шаң басып жатыр. Бір-екі жылдан кейін бұл құжаттар мүлде жойылып кетуі мүмкін. Бұл – үлкен қауіп. Аудандық деңгейдегі цифрландыру бойынша қандай нақты іс-шаралар атқарылып жатыр? – деп сұрады депутат Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықовтан.
Саиров архив саласындағы кадр мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, аудандық архивтерде жұмыс істейтін қызметкерлердің көпшілігінің "архив ісі" мамандығы жоқ, ал кәсіби архив ісін меңгерген түлектер қалада қалып қойып жатыр.
Сондай-ақ депутат архив қызметін ақылы форматта дамыту қажеттігін алға тартты.
Мысалы, Ұлыбританияның Ұлттық архиві жылына 15 миллион фунт стерлинг табыс табады. Ал Қазақстанның Ұлттық архиві жылына небәрі 4-5 млн теңге кіріс түсіреді, оның өзі тек ксерокөшірме арқылы. Архив тек бюджетке телміріп отырмай, қандай ақылы қызмет түрлерін енгізіп жатыр? – деді Ерлан Саиров.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов аудандық архивтердің жағдайын жергілікті әкімдіктер реттейтінін атап өтті.
Аудандық архивтердің барлығы – жергілікті атқарушы органдардың құзырындағы мекемелер. Республикалық бюджеттен тікелей қаржы бөлінбейді. Дегенмен әкімдіктер бюджеттік өтінім жасап, материалдық-техникалық базасын жаңартуға құқылы, – деді ол.
Министрдің айтуынша, бүгінде бірқатар аудандық архивтерге сканерлік құрылғылар мен компьютерлік техника сатып алынған. Сонымен қатар барлық аудандық архивтер "Е-архив" ақпараттық жүйесіне қосылып, соның аясында жұмыс жүргізуде.
Кадр мәселесіне тоқталған Сыдықов елде архив ісі мамандарын даярлайтын тек бірнеше жоғары оқу орны бар екенін растады. Жыл сайын 20-25 грант бөлінеді, қалған студенттер ақылы түрде оқиды.
Егер заң жобасы аясында ауылдық архив қызметкерлеріне 25% көлемінде үстемақы енгізілсе, бұл қала мен ауыл арасындағы жалақы айырмашылығын біршама теңестіреді. Ауылдық архившілердің жағдайы жақсарады, – деп түйіндеді вице-министр.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров шетелдік компаниялардың құжаттарын мемлекеттік архивке тапсыруды міндеттеуді ұсынды.