Депутат: Алматыда сүт өнімдері санитариялық талаптарға сай емес үйде өндіріліп келген

Мәжілісте елдегі отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған маңызды заң жобасы таныстырылды. Депутат Нұртай Сабильянов заң аясында отандық өндірісті қолдаудың маңызды екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, “СТ-KZ” және индустриялық сертификаттар отандық өндірушілерге жеңілдіктер мен преференциялар беру үшін жасалған. Алайда, қазіргі сертификаттау жүйесінде жалған өндірістерді тіркеу, импорттық тауарларды қазақстандық ретінде көрсету, санитарлық талаптарға сай келмейтін өнім шығару сияқты заңбұзушылықтар жиі кездеседі.

Мысалы, Атырауда “Исатай мен Махамбет” ескерткіші орналасқан жерде өндіріс бар деп сертификат берілсе, Талдықорғанда монша кешені өндіріс орны ретінде көрсетілген. Сондай-ақ Қазақстанда жасалған өнім ретінде сертификаттар импорттық тауарларға: латекс қолғаптарына, LG теледидарларына, жасанды көгалдарға және басқаларға берілген. Сонымен қатар өндіріс орнына қойылатын қарапайым талаптар мен өнім сапасының стандарттарын сақтамау жағдайлары да кездеседі. Мысалы, Алматыда сүт өнімдері санитариялық талаптарға сай келмейтін тұрғын үйде өндіріліп келген, - деді Сабильянов.

Осындай жағдайлар 2023 жылы 206 рет тіркеліп, 40-тан астам әкімшілік іс қозғалған.

Жаңа заң жобасында Қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін құру ұсынылып отыр. Бұл жүйе өндіріс туралы деректерді орталықтандырып, сертификаттау процесінің ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар тізілімге енгізу тегін және қолжетімді болмақ.

Сабильяновтың айтуынша, жаңа тізілім жалған өндірістерді жоюға, нақты зауыттар мен жұмыс орындарын құруға және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл өзгерістер еліміздегі өнеркәсіпті дамыту мен экономиканы нығайтуға ықпал етпек.

Еске сала кетейік, Мәжілісте “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы