Депутат алма бақтары туралы: Инспектор тексеріс жасаса, Назарбаев әулеті мен олигархтар қысым жасайды
Депутат Бақытжан Базарбек Мәжілісте өткен Үкімет сағатында жерге қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сіз сөзіңізді импорт алмастыру, алмадан бастадыңыз. Алматы қаласы алма өңірі болып саналады. Өкінішке қарай, қазір сіз есеп бердіңіз. Бүгін Алматыдағы «Горный гигант» деген жерінде 3 гектар алма бағы оталып жатыр. 15 жылда Виктор Храпунов, Иманғали Тасмағамбетов, Ахметжан Есімов, Бауыржан Байбек және Бақытжан Сағынтаевтың заңсыз қаулылары салдарынан біз 70% алма бағынан айырылдық. Ең сорақысы инспекторлар тексеріс жасағанда оларға ескі Нұрсұлтан Назарбаевтың жүйесіндегі Назарбаевтың әулеті мен оның олигархтары қысым жасайды. Соның салдарынан (Алматыдағы) алма бақтарын қайта алмай жатырмыз. Бұл да осы тақырыпқа тікелей байланысты. Біріншіден, осы уақытқа дейін қанша алма бағын мемлекет меншігіне қайтардыңыздар? Біз, «Жер аманаты» комиссиясы жұмыс істеп, Бақытжан Сағынтаевтың (Алматы қаласының экс-әкімі – ред.) бір заңсыз қаулысын бұздық. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін мұндай мыңдаған қаулы қабылданған. Қайтаруға байланысты қандай шаралар қолданылып жатыр?, – деп сұрады мәжілісмен Ауыл шаруашылығы министріне қарата.
Сонымен қатар ол заңсыз құрылысқа қатысты айтты.
Екіншіден, Алматы агломерациясын білесіздер. Қарасай, Іле және Талғар аудандарында заңсыз ауыл шаруашылығы алқабы құрылыс салуға беріліп жатыр. Соның салдарынан суармалы ауыл шаруашылығы алқабынан айырылып жатырмыз. Барлық ауыл шаруашылығы алқабында тұрғын үй құрылысы көп салынуда. Бұл Қарасай және Талғар ауданында болып отыр. Енді (құрылысты) тоқтату үшін Жер кодексінің 97-бабына, 102-бабына өзгерістер ендіздік. Бірақ (құрылысты) тоқтата алмай жатырмыз. Менің ұсынысым, жалпы Алматы агломерациясындағы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлеріне нысаналы мақсатын ауыстыруға мораторий енгізсек? Бұған қалай қарайсыз? АШМ тарапынан бұл мәселеге қатысты қандай шара қолданылады? – деді Бақытжан Базарбек.
Бұл сұраққа Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жауап берді.
Алдымен жер қайтару мәселесіне тоқталайын. Былтыр 5,2 млн гектар жерді (мемлекетке) қайтардық. Биыл 1,3 млн гектар жерді (мемлекетке) қайтарып жатырмыз. Кешіріңіз, қазір оның ішінде қанша алма бағы бар екенін нақты айта алмаймын. Мұның ішінде алма бағы бар екеніне күмәнім жоқ. Бұл сұраққа сізге жазбаша жауап берейін. Екіншіден, суармалы ауыл шаруашылығы жерлерінің басқа санатқа аудару мәселесін Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстары жөніндегі комитет бұл бағытта жұмыстарды атқарып жатыр. Негізі жерді басқа санатқа ауыстыру мәселесі тек генпланға кірсе, біз қолдаймыз. Ол бас жоспарға кіріп, мақұлдану процесінен өтсе, әрине, оны біз қолдаймыз, - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ министр мораторий жариялауға қатысты өз ойын айтты.
Негізі біздің экономикада да өзгеріп жатыр. Ауылдар мен қалаларда да өзгеріс бар. Мораторий жариялау туралы ұсынысты егжей-тегжейлі ақылдасып, содан кейін ғана шешімді қабылдайық. Оның кері әсері де болуы мүмкін. Әрине, біз, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан суармалы жерлердің алқабын ұлғайтамыз деп жатырмыз. Сондықтан біз мейлінше, осы санаттағы жерлерді сақтап қалу мәселесін қолдаймыз. Бұл мәселені қосымша ақылдасайық, - деді Ербол Қарашөкеев.