Депутат Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының құзыретін тәртіпке келтіруді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев «Самұрық-Қазына» қорының аймақтардағы көлеңкесі және жергілікті даму институты деп есептелетін Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар жұмысына тоқталды. Депутат корпорацияның тиімсіз жұмысына қатысты Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады. 

Депутат Ақ жол» фракциясына Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) жұмысына наразы кәсіпкерлерден арыз-шағым көптеп түсіп жатқанын айтты.

ӘКК мемлекет пен бизнестің әріптестігі, және өңірдің әлеуметтік экономикасын дамыту үшін, Үкіметтің 2012 жылғы қаулысымен бекітіліп, құрылған болатын.

Депутаттың сөзінше, Үкімет корпорация туралы заң жобасын 2008 жылы Парламентке енгізіп, Мәжілісте қызу талқылау басталғаннан кейін, кері қайтарып алған болатын, яғни, ӘКК-ның қызметі бүгінге дейін заңмен реттелмеген. Сондықтан бұл корпорация бүгінгі күнде ешқандай ортақ ережесіз құрылым. Әрбір әкімдік оны өзінше қолдануда. Шын мәнінде, бұл мекеме делдалдың рөлін атқарады, олардың не жоба менеджерлері, не мемлекет өкілі, не кәсіпкерлер екені түсініксіз.

Корпорация кәсіпкерлерді қолдау құралының орнына, олардың проблемасына айналып отыр. Мысалы, кең тараған пайдалы қазбаларды өндіруге рұқсат беру немесе жер учаскесін сұрау, не инфрақұрылым керек кезінде, ӘКК жарғылық капиталға бір тиын салмастан мекеменің меншігіне 30%-ға дейін қатыстыруын талап етеді, ал бұрын кәсіпкер мұндай рұқсатты жергілікті органдардан тікелей және тегін алатын. Тегін қолдаудың орнына, меншігін талап ететін мекеменің қызметі – кәсіпкерлікке қолдау ма, әлде тонау ма? – үлкен күмән тудыратын мәселе, - дейді Ерубаев өз сауалында.

Мысалы, бизнес-омбудсменнің айтуынша, ӘКК жалпы есеп бойынша 2017 жылды 2,5 млрд теңге шығынмен аяқтаса, небәрі бір жылдың ішінде ол алты есеге өсіп, 2018 жылды 15,5 млрд теңге шығынмен аяқтаған. Алайда бұл өзі шығарған есебі. Айта кететін жайт, осы ӘКК-лардың бюджеттері қоғам үшін беймәлім және олардың есептері ешқандай мемлекеттік құжатпен реттелмеген.

Оған қоса, мемлекеттік органдар корпарацияны коррупция құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар корпорация тарапынан халық тұтынатын өмірлік маңызы бар тауарлардың бағасын төмендету мәселесінде немқұрайлық, яғни, өз мақсаттары мен міндеттерін орындамау және тиісінше жүзеге асырмау байқалады, нәтижесінде жергілікті бюджет қана емес, кәсіпкерлік субъектілері және халықтың әлеуметтік осал топтары да зардап шегіп отыр, - деп айтты мәжілісмен.

Ақжолдықтар ӘКК-ның қызметінде барлық көрсетілген кемшіліктер, тиісті органдар тарапынан нақты бақылау болмауының нәтижесі деп есептейді.

Депутаттың сөзінше, шағын және орта бизнестің дамуын қолдамасақ, мемлекет экономикасының дамуы, халықты жаппай жұмыспен қамту сияқты міндеттер жайлы айту қиын.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты, «Ақ Жол» депутаттық фракциясы келесіні талап етеді:

1. Өңірлердегі ӘКК-лардың мақсаты мен рөлін айқындау қажет, дәл осы түрде қала берсе - бұл ұйым бизнесті дамытуға кедергі келтіреді, сондықтан оларды таратуға жататын тиімсіз институт деп тану қажет.

2. Егерде Үкімет бұл институтты сақтап қалғысы келсе, онда Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының құзыретін арнайы бір тәртіпке келтіріп, заңмен бекітіп, осы корпорациялар кәсіпкерлердің меншігіне, ішкі жұмысына араласпайтын болуы керек.

3. «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң аясында ӘКК-ны қаржыландыру, қаражаты мен қызметі үшін есеп беруін, тиімділігін қадағалауды жергілікті мәслихатқа жүктеу.

4. ӘКК табатын табысы болса, оны толығымен жергілікті бюджетке салып, қоғам үшін ашық түрде пайдалану қажет. Әсерісе топ-менеджерлердің жалақысы, сыйақысы, бонустары мен офис-көліктерін де мәслихат бекітуі тиіс.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы