Депутат: 2 мың баламен жұмыс істейтін әлеуметтік педагогтің айлығы - 118 мың теңге

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы мектептердегі әлеуметтік педагогтердің айлығын көтеру керек деп санайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат осы мәселеге қатысты сауалын Үкімет басшысына жолдады.

Ол жақында мектептерді аралап ұжыммен кездескен. Сол кезде әлеуметтік педагогтердің азғантай айлығы мен білім ордаларындағы қарапайым қызметкерлердің түкке жетпейтін жалақы мәселесі көтерілген.

Біріншіден, әлеуметтік педагогтарды В3 функционалдық блогынан В2 функционалдық блогына ауыстыру керек деп 2023 жылы Мәжіліс мінберінен айттық, нақты ұсыныстар бердік. Бірақ Үкімет бұл мәселені әлі шешкен жоқ. Әлеуметтік педагогтың міндетіне зер салған адам олардың талабын тап басып түсінер еді. Мәселен, бір әлеуметтік педагог 1500-2000 баламен жұмыс істеймін дейді, - деп түсіндірді Нартай Аралбайұлы.

Оның айтуына қарағанда, мектептегі оқушылардың тамақтану тәртібін жасақтау, оқушылардың құжаттарын жинау, мектепке жол акциясын жүзеге асыру, динамикалық бақылауда тұратын оқушылармен жұмыс істеу, лагерьге жолдама алған балалардың құжаттарын дайындап, барған балаларды қадағалау, қажет болса жұмыстан кейін үй аралау, ерекше білімді қажет ететін оқушылармен жұмыс істеу де әлеуметтік педагогтердің мойнына артылған. Бұл бір маманның жауапкершілігіндегі міндеттер.

Осындай қызметі үшін алатын айлығы қазір 118 мың теңге. 2 жыл бұрын талап еткенімдей, әлеуметтік педагогтерді В2 функционалдық блогына ауыстырса, олардың айлығы 150 000 теңге болар еді, - дейді Нартай Аралбайұлы.

2023-2024 оқу жылындағы есеп бойынша, елімізде “Білім беру” саласы бойынша В3 блогына жататын 4 775 әлеуметтік педагог бар. Депутаттың сөзінше, осы мамандардың барлығын В3 блогынан В2 блогына ауыстырсақ жылына бюджеттен шамамен 55 млрд теңге қосымша жұмсалады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Нартай Аралбайұлының  Премьер-министрге еден жуушы, вахтер, аспаздың жалақысын көтеру туралы ұсынысын жазған болатынбыз. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Нұркен Алишев - архив
Өзгелердің жаңалығы