Депутат 12 желтоқсанды «Алаш күні» деп белгілеуді ұсынды
Алаш Республикасының құрылған күні 12 желтоқсанды – «Алаш күні» деп ресми белгілеп, жыл сайын мемлекеттік деңгейде атап өту керек. Мұндай ұсынысты Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Премьер-министр Әлихан Смайыловқа Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов сауал жолдады.
Өткен аптада ғана еліміздің Тәуелсіздік күні алғаш рет жаңа форматта, даңғаза той түрінде емес, тәуелсіздік үшін жандарын қиған қаһарман жастарымыздың рухтарына дұға жасап, еске алу түрінде атап өтілді. Бұл шешімді «Ақ жол» партиясы дұрыс деп санайды. Сонымен қатар Тәуелсіздік күні 86 жылдың желтоқсанында алаңға шыққан қайсар жастармен бірге тәуелсіздік үшін күрескен, осы ұлы міндетке қызмет еткен батырларымызды да еске алғанымыз жөн деп есептейді, - деді депутат.
Қазақ хандығы 1847 жылы мемлекет ретінде тарих сахнасынан кеткеннен кейін араға тура 70 жыл салып, 1917 жылдың желтоқсанында сол Қазақ хандығының жер аумағында Алаш ұлт-азаттық қозғалысы заманауи Қазақ ұлттық мемлекетінің іргетасын қайта көтеріп, осы жылдың 5-12 желтоқсанында Орынбор қаласында өткен Екінші жалпыұлттық қазақ-қырғыз құрылтайында Алаш орда ұлттық кеңесін жасақтап, үш баламалы үміткердің ішінен (Айдархан Тұрлыбайұлы, Бақытгерей Құлманұлы) көпшілік дауыспен Алаш Республикасы үкіметінің төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды.
Бұл туралы Әлімхан Ермеков «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 22 қаңтардағы санында: «...Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді...» деп жазған болатын.
Іс жүзінде хандық үлгідегі ыдырап кеткен Қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғыртуда, яғни, бүгінгі тәуелсіздіктің негізін қалауда ХХ ғасырдың басында заманауи Қазақ мемлекетін құруға ұмтылыс жасап, білім мен қажыр-қайратын салып, осы жолда шахид болған Ұлт көсемдерінің, Алаш Республикасы арыстарының рөлін ерекше атап өтуіміз керек. Биыл Алаш Республикасының құрылғанына 105 жыл толды. Естеріңізге сала кетейін, 29 маусымда «Ақ жол» фракциясы бұл датаны мемлекеттік деңгейде атап өтуді талап еткен депутаттық сауал жолдаған болатын. Алайда Үкімет бұл мәселені өкілетті министрліктерге тапсырғаны туралы жүре жауап берді. Өкінішке қарай, бұл тарихи дата тағы да атаусыз қалды. Бұл мерейлі күнді тек алаштанушылар мен біздің «Ақ жол» партиясы ғана түрлі іс-шара өткізіп, атап өтті, - деп айтты депутат Берік Дүйсенбинов.
Депутаттар бүгінде тарихи әділдікті орнататын күн жетті деп санайды.
Тарих тағылымын ұрпаққа насихаттау мақсатында «Ақ жол» фракциясы Алаштанушы ғалымдардың бастамасын қолдай отырып, Тәуелсіздік күнінің қарсаңындағы 12 желтоқсанды – тарихи құжаттармен дәлелденген Алаш Республикасының құрылған күні ретінде – «Алаш күні» деп ресми белгілеуді және жыл сайын мемлекеттік деңгейде атап өтуді сұрайды, - делінген депутаттың сауалында.