Депозит vs жастықтың асты: Ақшаны қалай жинаған дұрыс

Ұлттық банк жүргізген сауалнамасы бойынша банктік депозиттерге қызығушылықтың төмендеуі байқалып отыр. Депозитке емес, "жастықтың астына" ақша жинау депозитке сенім жоқ екенін білдіре ме? Депозитке ақша жинаудың артықшылықтары қандай? Экономист Бауыржан Ысқақ қаржыны қалай жинау керегін және қандай валютада жинаған дұрыс екенін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бауыржан Ысқақтың ойынша, Ұлттық банк сауалнамасына байланысты халықтың банк депозиттеріне қызығушылығының төмендеуі бірінші кезекте қаржылық жүйеге сенімсіздіктен, екіншіден, экономикадағы тұрақсыздықтың әсерінен болуы мүмкін. Біз инфляция мен валюта бағамы өзгерісін реттеуіміз керек. Ол халыққа тиімді болуы қажет.

Сарапшы қаражатты депозиттерде жинаудың ең бірінші артықшылығы – қауіпсіздік деп есептейді.

Депозиттік жүйедегі қаражаттар сақталады және мемлекеттің арнайы кепілге берілген қаражатымен қамтамасыз етіледі. Бұл халықтың ақша жоғалту немесе ұрлатып алу қауіпін азайтады. Сонымен бірге одан тұрақты табыс алуға болады. Яғни депозиттік пайыздық мөлшерлемелерді ұсына отырып, азаматтарға салған ақшасының үстемесін, дәлірек айтқанда, табыс табуға мүмкіндік береді. Оған қоса салған ақшасын қалаған уақытында депозиттен шешіп алып, қажетіне пайдалануына болады. Бұл алдымен азаматтардың қаржылық тәртібінің қалыптасуына септігін тигізеді. Мысалы, депозитке салған ақшаңызға тиіспеуге белгілі бір шектеу қояды – 3 айға дейін не болмаса 5 айға дейін. Яғни осы уақыт аралығында сіз қаржыны жинауға және өз шығындарыңызды бақылауға мүмкіндік аласыз, - деп айтты экономист.

Ысқақ қаржыны қалай жинауға болатынын түсіндіріп, кеңес берді.

- Алдымен шығынды басқаруды, бақылауды үйрену керек.

Ай сайынғы табыс пен шығынды есептеп, қанша қалатынын анықтап отыру қажет.

- ешқашан барлық қаражатты бір жерге жинамау керек.

Ақшаны бір жерге жинамай, түрлі тәсілдер арқылы әртараптандырған дұрыс. Ақшаны инвестицияға айналдырып, депозитке салуға, кейде тіпті мал-мүлікке құюға болады. Депозитке жинаған күннің өзінде ақшаның барлығын бір валютада сақтамай, 30%-ын теңгемен, 30%-ын еуромен және қалған 40%-ын доллармен сақтауға мүмкіндік бар. Бұл жерде біреуінің құны төмендесе, екіншісінің құны артқанда қандай да бір тәуекелдерді басқаруға болады.

Ақшаны қысқа мерзімді депозиттерде де сақтауға болады. Ұзақ мерзімді депозиттердің пайызы жоғары болғанымен, ақшаны тек бір жылдан кейін ғана шешіп алу мүмкіндігі болады. Ал қысқа мерзімді депозиттің пайызы төмен, бірақ кез келген уақытта ала аламыз.

- сонымен қатар адамдар төтенше жағдайға арналған қорын да жинай алады.

Әртүрлі форс-мажор жағдайларда бізде кем дегенде 3 ай немесе 6 айға жететін қорымыз болуы керек. Яғни біз жұмыссыз қалған жағдайда осы қорға жинаған қаражатымызбен күн көре алатындай мүмкіндігіміз болуы керек.

Ең бастысы азаматтардың қаржылық сауатын арттыру маңызды. Азаматтар қаржылық нарықты зерттеп, қандай мүмкіндіктер бар екенін білуі керек. Біз азаматтардың қаржылық сауатын ашу кезінде ұзақ мерзімді процесс болса да, болашақта үлкен нәтиже беретіндей болуы қажет. Сол үшін азаматтар өзінің қаражатын міндетті түрде депозитте сақтауы керек және ол әртүрлі валютада болғаны абзал, - деп кеңес берді экономист Бауыржан Ысқақ.

Бұған дейін экономист халықтың қолма-қол төлемге көшуіне қатысты пікір білдірген болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы