Шошқа бағамын деп ешкім субсидия сұраған жоқ – АШМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін әлеуметтік желіде әріптесіміз - журналист Мақсат Толықбайдың "тиімсіз субсидия" жайындағы бейнесауалы қызу талқыға түсіп жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан мәлімдеді. 

Әлеуметтің пікірі әр алуан болуы заңды ғой. Бірі қолдап, бірі қорғап, біраз жерге барыпты. Біз кейде бір ақпаратты естісек, соны саралап, сараптаудың орнына есіміз шығып, екінші біреуге ерекше екпінмен жеткізуге тырысамыз. Шошқаны шетелден әкелсең төленеді деген субсидиядағы санды көріп, сала мамандарынан ақпарат беріңіздерші дедім. 2019 жылы бір шаруашылық қана шеттен 6 бас әкеліп 840 мың теңге алған екен. Сенесіз бе? 2020 жылдың тең жартысы өтсе де, осы сәтке дейін шетелден шошқа сатып әкелдім деп ешкім бізге өтініш жазып, субсидия сұрамапты. Яғни, босқа байбалам салудың қажеті жоқ, - деп жазды ол

Сондай-ақ баспасөз хатшы ауыл шаруашылығына жанашырлық танытып, әр ақпаратты талдап отырсақ, ұтылмайтынымызды, керісінше, көпшілік толық түсініп, мемлекеттің агросалаға көрсетіп жатқан ұшан-теңіз көмегін әр азамат білетін болатынын айтты. 

Мақсат Толықбай бейнесауалын "мына нәрсені маған түсіндіріп беріңіздерші?" деп бастағаннан кейін қолымда бар мүмкіндікті пайдаланып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметовтен сұрағына жауап алып беруге тырыстым. Жылқы шаруашылығына жасалып жатқан барлық қолдаулар туралы; Шошқа шаруашылығына көрсетілетін бұрынғы көмек жүйеленіп екі есе қысқартылғаны туралы; Қой шаруашылығын қолдау бойынша мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігі туралы айтатын болады. Көріңіздер! – деп жазды ол.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы