Денсаулық туралы кодекстен шамадан тыс реттеу алынып тасталды
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстен шамадан тыс реттеу алынып тасталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң жобасын Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова таныстырды.
Мәжіліс Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Түзетулер ел Президентінің «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру мақсатымен әзірленген.
Бюрократияны азайту үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның құзыретін реттейтін бірқатар нормативтік құқықтық акті тиісті заңға тәуелді актілерге ауыстырылады.
Атап айтқанда, уәкілетті органның мынадай құзыреттері «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі деңгейінде реттеуден алып тасталады:
- денсаулық сақтау саласындағы нұсқаулықтарды, алгоритмдерді және ережелерді әзірлеу және бекіту;
- денсаулық сақтау саласындағы мамандықтардың, денсаулық сақтау қызметкерлері лауазымдарының номенклатурасы мен біліктілік сипаттамаларын әзірлеу және бекіту;
- денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштерді қалыптастыру әдістерін әзірлеу және бекіту және т.б.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға да түзетулер енгізіледі. Сонымен қатар бекітілген заң жобасында құқықтық нормаларды сапалық тұрғыдан жақсартуға бағытталған редакциялық түзетулер бар.