22 Шілде 2026, 15:55 Фото: видеодан алынған кадр

Қазақстанда 38 медициналық ұйым лицензиясыз жұмыс істеген

Цифрлық бақылау кезінде лицензиялық талаптарға сай келмейтін 40-қа жуық медициналық ұйым анықталды.

Қазақстанда денсаулық сақтау ресурстарын басқарудың бірыңғай цифрлық платформасы алғаш рет іске қосылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Жаңа жүйе – Health Intelligence Platform (Зияткерлік денсаулық сақтау платформасы). Ол медициналық ұйымдар, медицина қызметкерлері, медициналық техника, инфрақұрылым және денсаулық сақтау саласының өзге де ресурстары туралы мәліметтерді бір цифрлық ортаға біріктіреді.

Министрліктің мәліметінше, платформаны іске қосу Мемлекет басшысының денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялау жөніндегі тапсырмаларын орындаудағы маңызды кезең болды.

Бұған дейін саладағы ақпарат бірнеше түрлі ақпараттық жүйеде сақталып келген. Соның салдарынан деректер қайталанып, жағдайды талдау қиындап, басқарушылық шешімдерді қабылдау үдерісі баяулаған. Енді негізгі мәліметтердің барлығы бір жүйеде жинақталып, елдегі ахуалды нақты уақытқа барынша жақын режимде бағалауға мүмкіндік береді.

Жүйе қандай мүмкіндік береді?

Жаңа платформа Денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлерге денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйін толық көруге жағдай жасайды. Оның көмегімен қанша медициналық ұйым жұмыс істейтіні, олардың дәрігерлермен, орта медицина қызметкерлерімен, медициналық техникамен және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі туралы ақпарат қолжетімді болады.

Сонымен қатар әрбір медициналық ұйым үшін бірыңғай цифрлық паспорт қалыптастырылады. Онда лицензиялары, кадрлық құрамы, жабдықтары, ғимараттары, бөлімшелері, төсек-орын қоры және басқа да қажетті мәліметтер жинақталады.

Платформада медициналық техниканы басқаруға да ерекше мән берілген. Жүйе жабдықтың сатып алынған күнінен бастап техникалық қызмет көрсетуін, жөндеу жұмыстарын және тозу деңгейін қоса алғанда, оның бүкіл өмірлік циклін бақылайды. Бұл техниканы уақытында жаңартуға және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Жүйеде қандай тізілімдер бар?

Қазіргі уақытта платформада денсаулық сақтау саласының негізгі цифрлық тізілімдері мен сервистері енгізілген.

Медициналық ұйымдар тізілімінде ұйымның цифрлық паспорты, лицензиялары, ғимараттары, құрылымдық бөлімшелері, кабинеттері, палаталары, төсек-орын қоры мен көлігі туралы мәліметтер қамтылған.

Кадрлық ресурстар тізілімінде штаттық кесте, қызметкерлер, еңбек қатынастары, мамандардың сертификаттары, білімі, кәсіптік тіркелімі, сондай-ақ студенттер, резиденттер мен магистранттар туралы ақпарат енгізілген.

Ал медициналық техника тізілімі жабдықтың есепке алынуынан бастап техникалық қызмет көрсетуі, жөндеуі, қалдық құны, тозу деңгейі және есепке алу жүйелерімен интеграциясына дейінгі барлық кезеңді қамтиды.

Медициналық ұйымдарды бақылау цифрлық форматқа көшті

Платформадағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – медициналық көмектің сапасын цифрлық постлицензиялық бақылау жүйесінің енгізілуі.

Енді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мамандары көптеген көшпелі тексеру жүргізбей-ақ медициналық ұйымдардың жұмысын қашықтан бағалай алады.

Жүйе лицензиялық талаптардың сақталуын, мамандардың жарамды сертификаттарының болуын, сондай-ақ медициналық ұйымдардың кадрлармен және медициналық техникамен қамтамасыз етілу деңгейін автоматты түрде талдайды.

Министрліктің мәліметінше, мұндай тәсіл тәуекелдерді дер кезінде анықтап, заңбұзушылықтардың алдын алуға және медициналық ұйымдарға анықталған кемшіліктерді жедел түзетуге мүмкіндік береді.

Барлық ұсынымдар цифрлық жүйе арқылы автоматты түрде жолданып, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болады.

Алғашқы нәтижелер қандай?

Цифрлық постлицензиялық бақылауды пилоттық режимде енгізу барысында лицензиялық талаптарға сәйкес келмейтін 38 медициналық ұйым анықталған.

Сондай-ақ автоматты мониторинг нәтижесінде жарамдылық мерзімі өткен сертификаты бар медицина қызметкерлерінің саны шамамен үштен бірге қысқарып, 3 637-ден 2 448 маманға дейін азайған.

Министрлік бұл өзгеріс пациенттерге белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін мамандардың медициналық көмек көрсетуіне ықпал ететінін атап өтті.

Платформаның басты артықшылықтарының бірі – оның мемлекеттік ақпараттық жүйелермен терең интеграциялануы.