Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесіндегі шығындарды реттейді
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызмет тұтынушыларын есепке алу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу құқығын беру қағидаларына өзгерістер әзірледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жоба міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылған азаматтарды есепке алу тәртібі мен жарналарды қаржыландыру мәселесін реттейді.
Өзгерістер бюджеттік жоспарлаудың нақтылығы мен ашықтығын арттыруға бағытталған. Бұл ретте азаматтардың медициналық көмек алу құқығына ешқандай шектеу қойылмайды.
Бұған дейін МӘМС туралы заңнамаға мемлекет соңғы үш айда зейнетақы жарнасын аудармаған және өмірлік қиын немесе төтенше жағдайға тап болған жұмыссыз азаматтар үшін жарналарды төлейтіні туралы норма енгізілген еді.
Енді мұндай азаматтардың аумақтық тиесілігін нақтылау ұсынылып отыр. Ол олардың тұрақты тіркелген жері бойынша анықталады. Бұл шығындарды дұрыс есепке алуға және өңірлер арасындағы қаржылық жүктемені әділ бөлуге мүмкіндік береді.
Министрлік өкілдері өзгерістер азаматтардың медициналық көмекке қолжетімділігіне әсер етпейтінін атап өтті. Әлеуметтік тұрғыдан осал топқа жататын азаматтар МӘМС жүйесінде сақтандырылған және бастапқы медициналық көмектен бастап мамандандырылған емге дейінгі қызметтердің толық көлемін алуға құқылы.
Ұсынылып отырған өзгерістер техникалық әрі нақтылаушы сипатта. Олар жүйені тиімді басқаруға бағытталған. Мемлекет медициналық көмекке ерекше мұқтаж азаматтарды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін орындауды жалғастырады, – делінген негіздемеде.
Құжат 20 ақпанға дейін "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауға шығарылды.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметіне жүргізілген кешенді тексеріс барысында бірқатар елеулі заңбұзушылықтар анықталғанын мәлімдеп, МӘМС қорындағы былықтарға Тоқаев қатаң баға берген еді.
Сондай-ақ Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Медициналық сақтандыру қорының ақпараттық жүйесін 1 шілдеге дейін Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесіне интеграциялауды тапсырғанын, Үкіметтің МӘМС-ті тексеруге кіріскенін хабарладық.