Бүгiн 2026, 09:18 Фото: BAQ.KZ коллажы

Денсаулық сақтау министрлігі Ербаян Мұхтардың өліміне қатысты ресми мәлімдеме жасады

ДСМ Ербаянның отбасы мен жақындарына көңіл айтады.

Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен бірлесіп, Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Мұхтар Ербаянның қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.

Дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы науқастың өмірін сақтап қалу үшін күресті. Алайда алған аса ауыр жарақаттарының салдарынан бас миында қайтымсыз өзгерістер орын алып, науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Науқас Мұхтар Ербаян Хамитұлы 2023 жылдан бері мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде алған ауыр бас-ми жарақатының салдарынан аса ауыр жағдайда болды, - делінген ДСМ түсіндірмесінде.

ДСМ мәліметінше, науқастың жағдайы ауыр болған.

Ұзақ уақыт бойы тұрақты вегетативтік күй сақталды. Респираторлық қолдауды қоса алғанда, қарқынды терапия жүргізілгеніне қарамастан, өмірлік маңызды көрсеткіштердің біртіндеп нашарлауы байқалды. Атап айтқанда, қандағы оттегі сатурациясының төмендеуі, жүрек ырғағының бұзылуы және гемодинамиканың тұрақсыздығы тіркелді. Науқастың жағдайы аса ауыр күйінде қалды. Медицина мамандары тарапынан барлық қажетті реанимациялық және емдік іс-шаралар кешені толық көлемде жүргізілді, - делінген хабарламада.

Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен ұйымдастыруымен науқас ем алу үшін Түркия Республикасына жіберіліп, онда бастапқы диагноз расталды.

2026 жылдың маусым айында негізгі ауыр сырқаттың аясында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыды.

2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелді. Өлімнің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулар аясында дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы болды. Науқас ең заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған палатада ем қабылдады. Оған заманауи дәрілік терапия жүргізіліп, ерекше күтім жағдайлары қамтамасыз етілді, - деді ДСМ баспасөз қызметі.

Медициналық персонал емдеу мен күтімнің барлық қажетті көлемін қамтамасыз еткенін айтты. Сондай-ақ науқастың туыстарының жансақтау бөлімшесіне кіруіне мүмкіндік беріліп, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті жағдай жасалғаны хабарланды. 

Айта кетейік, 23 маусымда Ербаян Мұхтар қайтыс болды