Денсаулық сақтау басқармасы коронавирустың неліктен көбейіп жатқанын түсіндірді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлімдеді.
Айтуынша, жыл басынан бері ковидтік стационарларда ғана 6 мың адам емделген.
Ондағы өлім-жітім көрсеткіші 3%-ды құрайды. 20 шілдедегі жағдай бойынша алғашқы медициналық-санитариялық көмек мекемелерінде 1475 адам коронавирустан емделіп жатыр. Оның 202-і – балалар, 79-ы- жүкті әйелдер. 103 қызметі мен АМСК-ге қарасты жедел жәрдем бригадасының жұмысын да атап өткім келеді. Өткен тәуліктің өзінде 3768 адам жедел жәрдем станциясының көмегіне жүгінген. 24 сағат ішінде 2161 шақырту түссе, оның 37-і – коронавирус бойынша шақыртылған, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар ол індеттің неліктен көбейіп жатқанын түсіндірді.
Коронавирус инфекциясының өршуіне негізгі себеп – вирусқа қарсы иммунитеттері бар адамдардың үлесінің төмендеп кетуі, яғни вакцина алған және соңғы 6 айда ауырған, антидене мөлшерінің деңгейі жоғары адамдар аз. Ревакцинациядан уақытында өту қажет. Вакцинация ғана аурудың алдын алуға қауқарлы және ол дерттің ықтималдылығын айтарлықтай азайтады, - деді Тимур Мұратов.