Денсаулық саласына 2 трлн теңге бөлінеді, бірақ халық шетелде емделуге мәжбүр - депутат

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев денсаулық сақтау саласына бюджеттен қыруар ақша бөлінгенімен, азаматтар елімізден ем таппай, шетелден шипа іздеп жүргенін айтты.


«Елжан Амантайұлы, сіз келгелі біздің денсаулық саласына Қаржы министрлігі ақшаны аямай беріп жатыр. Осы соңғы үш жылдың өзінде республикалық бюджеттен берілетін қаражат 1 триллион теңгеден асты. Оған жергілікті бюджеттен бөлінетін 500 млрд теңге қаражатты қоссақ, бұл - өте орасан зор, бюджеттің көлемді қаржысы. Бұған қоса, 6 министрліктің жеке ведомстволық денсаулық сақтау жүйелері бар. Оларға да орташа есеппен 100 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Сонда біздің ел тапқан бюджеттік салық, яғни халықтың салығынан түсіп жатқан қаражаттың 2 триллион теңгеге жуығы осы денсаулық сақтау саласына жұмсалып отыр. Ал енді менің әріптестерім «біз өзімізде емдеудің орнына шетелде емдеуді көбейттік» деп отыр. Осы қаражаттың барлығын дұрыс жолға қоятын кез келген сияқты. Оған қоса, біз зерттеумен айналысатын ғылыми орталықтарға да орасан зор қаржы бөліп отырмыз. Назарбаев университетінде үлкен зерттеулер жүргізіліп жатыр. Осының барлығының бір қорытындысы қашан болады? Осы жаңағы 6 ведомстводағы денсаулық сақтау орындарының әлеуеттерін жетпей жатқан ауылдағы, өңірлердегі халыққа бағыттап, бетбұрыс жасайтын мүмкіндіктер туа ма? Және де, олардың барлығын сіздерге бағындыратын бір іс-шара жасасақ қайтеді? Өйткені, шашыраған ақшадан шоғырланған дүниенің берекесі әрқашанда мол болады», - деді Өксікбаев Мәжіліс үйінде.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов депутатқа жауап берді. Оның айтуынша, қазір жалпы еліміз бойынша тек қана тегін көмек көрсететін 1,5 мыңнан астам медициналық ұйым тіркелген. Олардың 47%-ы – жекеменшік, ал қалғандары – мемлекеттік. 

«Олардың көбі жергілікті әкімшіліктерге қарайды. Бірақ, сонымен қатар ведомстволық емханалар, ауруханалар да бар. Біз жалпы бұл мәселені басқа мемлекеттік органдармен талқыладық. Мысалы, Ішкі істер министрлігі бойынша қазір көп клиникалар жекеменшікке немесе жергілікті органдарға тапсырылды. Тек қана бір ұлттық деңгейдегі республикалық госпиталь қалды. Менің ойымша, бұл мәселені расында да басқа қорғаныс органдарымен бірге қарастыру қажет. Себебі, ертең әлеуметтік медициналық сақтандыруға көшкенде көп мәселелер пайда болады. Қазір осы бойынша арнайы жұмыс тобы қызмет етіп жатыр. Жалпы, жаңа сіз айтқан шығыстар да жыл сайын көбейіп келе жатыр. Оны мойындаймыз. Бірақ адам басына санасақ, бұл үлкен триллиондаған ақша 60 мың теңге болып шығады. Ол көп болса - 200 доллар. Ал ең дамыған мемлекеттердің арасында төменгі шығыстар 1 мың доллардан басталады. Онкологияны айтсақ, қазір біз бір-екі жылдың ішінде 30 млрд теңгеден 40 млрд теңгеге дейін көтердік. Бірақ тарифтерді қайтадан санап өткенде, бізге жалпы онкологияға 70 млрд теңге қажет. Бұл мәселені де біз ішкі ресурстардан қарап отырмыз. Өткен жылы біз Елбасыға тегін медициналық көлемде 360 млрд теңге дефицит бар деп ақпарат бергенбіз. Сол дефицитті ішкі ресурстарды қарастырып, жойып жатырмыз. Өткен жылы да көп қаржыны үнемдедік. Бұл мәселені біз бір жағынан ішкі ресурстардан, бір жағынан келе жатқан әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы шешеміз деп жоспарлап отырмыз», - деді Елжан Біртанов.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы