Денсаулық пен тәртіпті күзеткен маман

Әскери дәрігер - жауапты маман иесі. Қарулы Күштер құрамындағы Бас әскери клиникалық госпитальдің анестезиология және реанимация бөлімінің аға ординаторы, подполковник Батыржан Алемановтың қызмет жолы – елге қызмет етудің айқын үлгісі. Бүгін әскери медицина мамандарының кәсіби мерекесі. Осыған орай Батыржан Серекпайұлымен сұхбаттасқан едік.

8 шілде – әскери медицина мамандарының кәсіби мерекесі

1992 жылы еліміздің қауіпсіздігін сақтап, қорғаныс әлеуетін қамтамасыз ету үшін құрылған Қарулы күштерімізбен бірге отандық әскери медицина саласы да өмірге келді. Содан бері азаматтық денсаулық сақтау саласының ажырамас бөлігі саналатын бұл сала заман талабына сай дамып, бәсекеге қабілеттілігін арттырып келеді.

Қарулы Күштер сапында өздеріне жүктелген міндеттерді адал атқарып келе жатқан ақ халатты абзал жандар жетерлік. Солардың бірі — Астана қаласындағы Бас әскери клиникалық госпитальдің анестезиология және реанимация бөлімінің аға ординаторы подполковник Батыржан Алеманов.

Медицина саласына өз қалауыммен және ата-анамның рұқсатымен келдім. 2005 жылы Семей мемлекеттік медицина академиясын аяқтап, сол жылдың тамызынан 2007 жылға дейін Семей қаласының №1 перинаталдық орталығында дәрігер-анестезиолог болып жұмыс істедім. Ал 2007 жылдың тамызында әскери қызметке шақырылдым, – дейді Батыржан Серекпайұлы.

Жалпы әскери дәрігер - әскери қызметкерлер мен олардың отбасыларына медициналық көмек көрсететін, сонымен қатар әскери операциялар кезінде жараланған адамдарды емдейтін маман. Бұл мамандықтың ерекшелігі — дәрігерлер тек медициналық білім мен дағдыларды ғана емес, сонымен қатар әскери тәртіпті, тактиканы және психологияны да меңгеруі тиіс. Әскери дәрігердің негізгі миссиясы - әскери қызметкерлердің денсаулығын қорғау және сақтау.

Осындай ұстанымды өзіне қағида еткен подполковник Батыржан Алеманов 2007 жылдан бері Қарулы Күштер сапында. Ол алдымен Алматы қаласында қызмет етсе, кейін Астана қаласындағы Бас әскери клиникалық госпитальге ауысқан.

Алматыға келмес бұрын Семей қаласындағы №1 перинаталдық орталықта жұмыс істедім. Еңбек жолым сол жерден басталды. Кейін әскер қатарына шақырылып, өмірімде өзгеріс болды. Осылайша, Алматы кейін Астана қалаларында жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Мұнда жаны жайсаң мамандармен әріптес болдым. Бүгінде бірлігі жарасқан, білікті мамандармен жұмыс істеп жатқанымды мақтанышпен айта аламын, – дейді әскери дәрігер Батыржан Алеманов.

Ізгілік жолында жүрген жандардың қай-қайсысы болмасын құрметке лайық. Оларға жүктелетін жауапкершілік жүгі де ауыр. Өйткені дәрігерлер Гиппократ алдындағы антынан бөлек, Отан алдындағы антқа да адалдық танытуы тиіс. Ең бастысы — ел мен жерді қорғайтын ақ халатты абзал жандар мемлекет тарапынан қолдау көріп, еңбектері әрқашан жоғары бағаланып келеді. Айталық, Батыржан Серекпайұлы "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 10 жыл" және ІІІ дәрежелі "Мінсіз қызметі үшін" медальдарымен марапатталған.

Біздің жұмысқа күннің суығы да, ыстығы да кедергі емес. Қызметіміз ұқыптылық пен батыл шешім қабылдай білуді талап етеді. Күндіз де, түнде де әскери қызметті абыроймен атқарып келеміз. Түрлі іс-шаралар біздің қатысуымызсыз өтпейді. Өйткені сарбаздар мен сардарлардың медициналық тұрғыдағы қауіпсіздіктеріне жауаптымыз. Жеке құрам қайда болса, біз де сол жерден табыламыз, – дейді дәрігер.

Әскери дәрігер – жауапты мамандық. Себебі олар әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығына жауап береді. Бұл орайда сала мамандарының кәсіби білімдерін жетілдіру үшін алыс-жақын шетелдердің медициналық жоғары оқу орындары базасында дайындықтан өтеді. Сондай дайындықтан білікті дәрігер Батыржан Серекпайұлы да өткен. Тарқатып айтар болсақ, 2011–2012 жылдары Германияның Наумбург және Ульм қалаларында біліктілігін арттырса, 2017 және 2021 жылдары Ресейдің Санкт-Петербург қаласында білімін арттырған.

Әскери медицина саласының бәсекеге қабілетті болуы, заманауи талаптарға сай қарыштап дамуы білімді жастарға байланысты. Қарулы Күштер Бас әскери клиникалық госпитальінің басшылығы жас буын дәрігерлер мен орта буын медицина персоналдарының толыққанды білім алуы, ғылымды меңгеруі, клиникалық тәжірибе жинақтауы үшін жан-жақты жағдай жасап жатыр. Соның ішінде медицинаның соңғы жетістіктерін меңгеру үшін отандық және шетелдік медициналық жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндік туғызып келеді, – дейді сала маманы.

Әскери дәрігерлер оқудан бөлек бітімгершілік контингентінің аясында да абыройлы еңбек етіп келеді. Подполковник Батыржан Алеманов 2020 жылы Ливан Республикасының Бейрут қаласында, 2024–2025 жылдары Сирия Араб Республикасындағы алғашқы қазақстандық бітімгершілік контингентінің құрамында, медициналық қызметтің бастығы ретінде болғанын айта кеткен жөн. 

Кейіпкерімізді қай қырынан алып қарасақ та, мақтанышпен айтуға тұрарлық. Ол Қарулы Күштер сапында 18 жыл тынбай еңбек етіп келеді. Әрине, бұл аз уақыт емес. 

Әскери медицина – ерекше жауапкершілікті, кәсіби шеберлікті және темірдей тәртіпті талап ететін сала. Бұл жолда қызмет етіп жүрген дәрігерлердің еңбегі көзге көрінбей қалуы мүмкін. Алайда олардың атқарып жүрген ісі – әскери қауіпсіздіктің маңызды бір бөлігі. Подполковник Батыржан Алеманов осы салада табандылықпен еңбек етіп, тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандарға үлгі болып жүрген білікті маман.

Ол тек өз ісінің шебері ғана емес, үлгілі отбасының тірегі. Бүгінде әскери дәрігер жұбайымен бірге бес баланы – төрт қыз бен бір ұлды тәрбиелеп отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: кейіпкердің жеке архивінен
Өзгелердің жаңалығы