Денсаулық министрі Отырарға барды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жұмыс сапарымен ауданымызда болып, медицина нысандарын аралады.
Министр ең алдымен Neuro Clinic медицина орталығы аудандық ауруханамен бірлесе отырып орналастырған Телемедицина кешенінің жұмысымен танысты. Тамыз айында іске қосылғалы отырған Телемедицина-қашықтықтан онлайн кеңес бере отырып емделушілерді өзекті емдеу, қарап зерттеу мақсатында инновациялық ақпараттық технологияларды пайдалануға негізделген медицина саласы болып табылады.
Кездесу барысында министр «Alaqan» құрылғысы, «Super mama» қосымшасы, «EyeSee» офтольмологиялық көз аппараты, «Smart-ЭКГ» жүрек аппараты және «Smart» дәріханасын көрді.
«Alaqan» жүйесінде қолданыстағы кез-келген ақпараттық жүйелермен интеграция жасау мүмкіншілігі қарастырылған. Аталған құрылғы арқылы қызметкерлердің жұмысқа қай уақытта келгенін және жұмыс уақытында жұмыста болған болмағанын анықтауға болады. Бұл құрылғы қағазбастылықтан арылтып, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға зор мүмкіндік береді.
Сапар барысында министр жаңадан іске қосылған «Smart» цифрлы дәріханасының қызметін аралап көріп, халық игілі үшін ашылғалы жатқан дәріханаға оң бағасын берді. Сонымен қатар елімізде, оның ішінде шалғай жатқан ауылдарға цифрлы дәріханасын орнату керектігін баса айтты. Жалпы, бұл дәріхананың ерекшелігі кез-келген бір аурумен тізімде тұратын науқастардың тегін дәрі алуларына қолайлы жағдай туғызады. 24 сағат үздіксіз қызмет атқаратын бұл дәріхана арнайы дәрігердің жолдамасын қажет етпейді. Егер науқас қатты сырқат немесе мүгедек болса,отбасы мүшелері сол науқастың сенім хаты мен жеке куәлігін алып келіп, тегін дәріні ала алады.
Содан соң дәрігерлермен кездескен Денсаулық министрі,ақ халаттылардың жауапкершілік қызметтерін арттыруды, аурухана жұмысын жандандыруды тапсырды.
Жалпы, Отырар ауданында медицина саласына халық игілігі үшін әкелініп жатқан заманауи қондырғылар аз емес. Аз ғана уақыттың ішінде түрлі қызметтер атқаратын 10 ға жуық аппараттар жеткізілді. Бұл аудан медицинасының дамып жатқанының бір көрінісі.