Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру өсіп келеді – Әлихан Смайылов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың пленарлы отырысында депутат Сұлтанбек Мәкежанов денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржыға қатысты мәселені көтерді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, халық үшін базалық медициналық қызметтердің қолжетімділігін кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік берді. Ал қаралып отырған заң жобасында, осы салаға арналған 3 жылдық бюджет, 537 млрд 888 млн теңгеге азайтылған. Өкілетті органнан келіп түскен ақпаратта әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы бұл азайту халықтың жеңілдігі бар санатының санын азайтудың есебінен орын алып отыр деп мәлімдейді, - деді сенатор.
Сұлтанбек Мәкежановтың сөзінше, 3 жылдық бюджетте медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне арналған шығыстар сомасы да азайтылып қарастырылған. Мысалы ол шығыстар 2021 жылы – 1 млрд 333 млн теңге болса, 2022 жылы – 1 млрд 211 млн теңгені құрайды.
Ол осыған байланысты бірнеше сұрақ туындап отырғанын жеткізіп, Премьер-министрдің орынбасары Әлихан Смайыловқа сұрағын қойды.
Бұл саланы қаржыландырудың төмендеуі халықтың жеңілдік санаты бар адамдар бөлігіне қалай әсер етеді? Мемлекет басшысының медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру жөніндегі тапсырмасы қалай іске асырылады? – деп сұрады Сұлтанбек Мәкежанов.
Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары Әлихан Смайылов сұраққа былай деп жауап берді.
Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру өте маңызды мәселе. 2019 жылы бұл салаға 1,2 трлн бөлінсе, 2022 жылы 1,8 трлн теңге бөлінеді. Яғни бөлінген қаражат екі есеге өсіп отыр. Бұл өсім барлық міндеттемелерді орындауға мүмкіндік берді. Соның ішінде медициналық қызметкерлердің жалақысын 2,5 есеге көтеру, жаңа объектілерді салу, басталғандарды аяқтау, санитарлық-эпидемиологиялық іс-шараларды іске асыру, т.б., - деді ол.
Оның айтуынша, мемлекеттің әлеуметтік саладағы міндеттемелерді күрт өсіруге жол бермеуі керек.
Сол себепті 3 жылдық бюджетті жоспарлаған кезде халықтың 15 санаты бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына бөлінетін ақшаны есептегенде халықтың жалақысын есепке алдық. Бұл көрсеткіш халықтың орташа табысын көрсетеді. Сонымен бірге коронавирусқа қарсы іс-шараларға қосымша бөлінген ақшаны есепке алмағанда жыл сайын денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру өсіп келеді, - деп түсіндірді Әлихан Смайылов.