Өз өзін оқшаулаған денсаулық басқармасының басшысы қызметінен босатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы ауысты. 

Осыған дейін осы қызметті атқарған Тілеухан Әбілдаевтің орнына Камал Надыров тағайындалды.

Барлық жағдайды ескере отырып, Әбілдаев қызметінен босатылды. Қала әкімдігі денсаулық сақтау министрлігімен және президент әкімшілігімен бірлесіп тәжірибелі басшыны орнынан  алып тастауға шешім қабылдады, - деді ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Айта кетейік, 15 сәуірде Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев індет жұқтырғандармен байланыста болған адам ретінде кеңсесінде оқшауланған. Сөйтіп, 14 күнге кабинетінде карантинге қалған еді.

Алты күн бұрын Орталық қалалық клиникалық ауруханаға бардым. Сондықтан індет жұқтырғандармен байланыста болған адам ретінде өз өзімді оқшауладым. Өйткені отбасыма, әріптестеріме қатер төндіргім келмейді. Карантин басталғалы үш рет коронавирустық инфекцияға тест тапсырдым. Олардың барлығы теріс нәтиже көрсетті, – деген болаты Тілеухан Әбілдаев.

Енді, оның орнына бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров тағайындалды. Алатау баурайының тумасы.

Қамалжан Надыров 1983 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. С. Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медициналық университетін, Тұран университетін, қоғамдық денсаулық сақтаудың жоғары мектебін тәмамдаған. Әртүрлі жылдары Duke University, "The Fuqua School of Business" (АҚШ), "Parkway College" (Сингапур), "Florence Nightingale" клиникалар тобы (Түркия), "Oxford "Social Health Insurance system" (Германия) оқудан өткен. 
2007–2014 жылдары Б.О. Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығында клиникалық ординатор, бөлім меңгерушісі, бас директордың орынбасары қызметтерін атқарған.

Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымында 2014 жылдан бастап жұмыс істейді. Медициналық қызметтерді стандарттау департаменті директорының орынбасары болған.

2016–2017 жылдары - "University Medical Center" бөлімшесінің директоры - республикалық диагностикалық орталықты басқарған.  

2017–2018 жылдары - Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы. 2018 жылдың наурызынан -2019 жылдың сәуіріне дейін елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы лауазымын атқарған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы