Денсаулық туралы кодекс жобасы талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің жобасын және оған қатысты өзге де заңнамалық актілерге енгізілетін түзетулерді қарады.

Кодекс жобасын әзірлеудің мақсаты – қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медициналық білім беру мен ғылымды жетілдіру, электрондық денсаулық сақтауды ендіру және Қазақстан Республикасындағы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Аталған құжат ұлт денсаулығын нығайтуға, заманауи денсаулық сақтауды аурулар профилактикасына бағыттауға, мемлекеттің, жұмыс беруші мен қызметкердің денінің саулығы үшін ортақ жауапкершілікті күшейтуге, негізделген.

Заң жобасы денсаулық сақтау саласында қосымша жүйелі бастамаларды іске асыруды көздейді.

Отырыс барысында депутаттар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылады.

Заң жобасының негізгі мақсаты – заңнамалық актілерді "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің жаңа редакциясына сәйкес келтіру.

Ұсынылатын түзетулер денсаулық сақтау саласындағы қатынастарды тиімді реттеуді белгілеуге және заңнамалық қайшылықтарды жоюға бағытталған.

Құжат заң нормаларын Қазақстанның халықаралық міндеттемелерімен үйлестіруге және шет елдердің тәжірибесінде сәтті іске асырылып жатқан жаңа құқықтық институттарды енгізуге және ЭЫДҰ елдерінің стандарттарына жақындатуға мүмкіндік береді.

Құжаттар бірінші оқылымда Палата қарауына жолданды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы