Денсаулық сақтау басқармасының басшысы тағайындалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы тағайындалды. Ол 43 жастағы Тимур Мұратов болды.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов Денсаулық сақтау басқармасының басшысын қаладағы ауруханалар мен емханалардың бас дәрігерлерімен өткен онлайн-кеңесте таныстырды.
Тимур Мұратов медицина саласында 20 жыл бойы қызмет етіп келеді. № 6 қалалық емханада дәрігер қызметінен бастаған. Әр жылдары №2 қалалық аурухананың бөлім меңгерушісі, №2 қалалық аурухананың бас дәрігерінің медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары, № 2 Ақмола облыстық ауруханасының бас дәрігері қызметтерін атқарған.
Соңғы жылдары елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, Жедел медициналық жәрдем стансасының бас дәрігері болып жұмыс істеді. Меритократия қағидатына сәйкес дәрігер "ҚР Президент Іс Басқармасының Медицина орталығының ауруханасы" РМК директорының бірінші орынбасарына дейінгі қызмет жолынан өткен. Елорда әкімі Алтай Көлгінов Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысына Сovid-19-дың таралу динамикасын төмендету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
Карантин шаралары медицина қызметкерлері мен медициналық мекемелерге айтарлықтай жүктемені азайтуға мүмкіндік берді. Қабылданған шаралар мен қала емханаларында амбулаториялық емдеуді күшейтудің арқасында Жедел медициналық жәрдем стансасына шақырулар саны 3 есе (3 мыңнан 1 мыңға дейін) төмендеді.
Пневмониямен стационарларға түскен науқастар саны 67,5% азайды, төсек қорының жүктемесі 99% - дан 39%-ға дейін төмендеді. Коронавирус көрсеткіші төмендеуінің оң динамикасы байқалады.