Денистің ізгі істері жалғасын табуда – министр
Алматы, BAQ.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова facebook-тегі парақшасына Денис Теннің жоспарын анасымен бірге іске асыруымыз керек деп жазды.
Достар, атақты спортшы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, еліміздегі миллиондаған жанкүйердің жүрегін жаулаған Денис Теннің өмірден өткеніне бүгін екі жыл болды. Осы күні Denis Y. Ten атындағы мәнерлеп сырғанау Академиясының қысқы маусымның басталуына қарай жоспарланғанын хабарлаймын. Global Figure Skating Академиясы - Денистің көп жылғы спорт саласындағы тәжірибесі және Қазақстандағы мәнерлеп сырғанау жағдайын сараптау негізінде оның өзі жасаған жоба. Академия спортшының туған қаласы - Алматының мұз айдындарының бірінің базасында ашылып, Қазақстанда осы спорт түрінің дамуының бірегей орталығы болмақ, - деп жазды министр.
Сонымен қатар, ол Global Figure Skating Академиясының қызметі балалардың мәнерлеп сырғанау спортының жаппай дамуына бағытталып, мұнда әлемнің үздік бапкерлері тартылатын айтты.
Денис Теннің анасы Оксана Тен танымал бапкер Татьяна Тарасова және Денистің жеке бапкері болған Фрэнк Кэролмен келіссөз жүргізіп жатыр. Академияның құрылуы - Оксана Теннің қажырлы да салиқалы еңбегінің нәтижесі екенін атап айтқым келеді. Министрлік және Алматы қаласының Мәдениет және спорт басқармасы тарапынан қажет қолдау көрсетілді. Қазіргі таңда мемлекеттік және жекеменшік мәнерлеп сырғанау секцияларына 5 мыңнан астам бала қатысады. Денис Тен атындағы Академия ашылғасын, бұл балалар бір орталықта үйрену мүмкіншілігіне ие болады. Мәнерлеп сырғанау Академиясының ашылуы елімізде бұқаралық спорттың дамуына серпіліс береді деп күтеміз. Дәл осындай Академияны еліміздің астанасы Нұр-Сұлтанда ашу мүмкіндігі қарастырылуда, - деп жазды Райымқұлова.
Сондай-ақ, министр атақты спортшының сценарийі бойынша түсірілген "Соқыр махаббат" фильмі дайын екенін мәлімдеді.
Денистің ізгі істері жалғасын табуда, достар. Ол спортпен қатар шығармашылықта да дарынды еді: музыка, өлең, сценарийлер жазып, сурет салды... Қайғылы қазасының алдында ғана Bazelevs Production кинокомпаниясы өткізген сценарийлер байқауында жеңіске жетті. Оның сценарийі бойынша түсірілген "Соқыр махаббат" фильмі дайын, шетелде әлемдік премьера және еліміздің кинотеатрларында көрсету жоспары пандемияға байланысты тоқтап тұр. Ал біз Денисті ұмытпай, оның жоспарларын анасы Оксана Алексеевнамен бірге іске асыруымыз керек, - деп қорытындылады министр.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Маңғыстау: Гуманитарлық көмек қатаң бақылауда
Өзгелердің жаңалығы