Denis Ten Memorial Challenge халықаралық турнирі аяқталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада «Барыс Аренада» мәнерлеп сырғанаудан II Denis Ten Memorial Challenge халықаралық турнирі аяқталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатысқан Гала-қойылымда Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова сөз сөйледі. Әуелі министр Денис Тен ел спортында есімі алтын әріппен жазылған, қысқа ғұмырында жарқын із қалдырған спортшы екенін айтты.

Өмірге құштар Денис шебер мәнерлеп сырғанаушы ғана емес, сегіз қырлы, бір сырлы азамат болатын. Бала кезден тынбай жаттығып, дайындалудың арқасында ғаламат жетістіктерге жетті. Халықаралық ірі бәсекелерде жүлде алған тұңғыш қазақстандық атанды. Осылайша, күллі елдің мақтанышына айналды. Әлем жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленді, - деді ол.

Осыдан кейін Ақтоты Райымқұлова Денис Тенді еске алуға арналған бұл турнирдің бәріміз үшін орны бөлек екенін, жарыс биыл халықаралық Конькишілер одағының «Челленджер» санатына қосылғанын жеткізді.

Денис Тенмен бірге аралас-құралас болған мәнерлеп сырғанаушылар, ізін басып келе жатқан жас спортшылар мұз айдында бас қосып отыр. Биыл екінші рет өтіп жатқан бәсекеге қатысушылардың географиясы кеңейіп келе жатқаны қуантады. Осы орайда өмірге құштар азаматтың есімін жаңғыртуға турнирді «Челленджер» санатындағы бәсекелер қатарына қосып, ауқымын кеңейтіп жатқаны үшін Халықаралық конькишілер одағына алғыс айтамын, - дей келе турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне сәттілік тіледі.

Екінші Denis Ten Memorial Challenge халықаралық турнирінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

Ерлер:

1. Петр Гуменник (Ресей);

2. Марка Кондратюк (Ресей);

3. Андрей Мозалев (Ресей);

9. Михаил Шайдоров (Қазақстан);

10. Диас Жиренбаев (Қазақстан);

12. Рахат Бралин (Қазақстан);

Әйелдер:

1. Виктория Сафонова (Беларусь);

2. Екатерина Рябова (Әзірбайжан);

3. Анастасия Шаботова (Украина);

8. Ясмин Текик (Қазақстан);

10. Анастасия Лобанова (Қазақстан);

11. Багдана Рахишова (Қазақстан);

Жұптық сын:

1. Анастасия Скопцова / Кирилл Алешин (Ресей);

2. Александра Назарова / Максим Никитин (Украина);

3. Елизавета Худайбердиева / Егор Базин (Ресей);

7. Гаухар Наурызова / Боянсангур Датиев (Қазақстан).

Айта кетейік, Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің қолдауымен «Денис Тен қоры» қоғамдық қоры ұйымдастырған турнир 28-31 қазан аралығында өтті. Биыл мәнерлеп сырғанаудан «Челленджер» (ISU Challenger Series) санатында 7-жарыс саналатын Denis Ten Memorial Challenge турнирінде 18 елден келген 100-ден астам спортшы бақ сынады. Оның ішінде биылғы әлем чемпионатының жүлдегерлері, Бейжіңде өтетін Олимпиадаға баратын мәнерлеп сырғанаушылар бар.

Турнирде ерлер арасындағы жекелей сында – Рахат Бралин, Михаил Шайдоров, Диас Жиренбаев, әйелдер арасында – Анастасия Лобанова, Богдана Ракишев мен Ясмина Текик, ал жұптық сында Гаухар Наурызова/Боянсангур Датиев және Максин Уэзерби/Темірлан Ержанов жұбы ел намысын қорғады.

Турнирде халықаралық Конькишілер одағының (ISU) жоғары санатты 36 төрешісі қызмет етті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы