Демократиялық күштер үндеу қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының үндеуі.

Құрметті қазақстандықтар!

Дәл қазір еліміз маңызды тарихи кезеңді бастан өткеруде.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа ант беріп, Қазақстан Президенті қызметіне кірісті.

Парламенттің Конституцияға өзгерістер енгізу туралы бірауыздан қабылдаған шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев Астананы Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы тиісті Заңға және Жарлыққа қол қойды.

Біз, Қазақстанның миллиондаған азаматтарының мүдделерін білдіретін Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының мүшелері, еліміздің жетекші саяси партияларының, Қазақстан халқы Ассамблеясының, ірі қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қазіргі таңда бүкіл әлемге мойындалған, дүние жүзі құрметтейтін тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы еліміздің Тұңғыш Президентінің аса көрнекті рөлін мойындай отырып;
Елбасының басты құндылықтары адам, оның құқықтары мен бостандықтары болып табылатын Қазақстанды егеменді, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамытуға арналған стратегиялық бағытын қолдай отырып; Қазақстан дамуының негізін қалаушы қағидаттар – қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықтың, этносаралық және конфессияаралық бейбітшіліктің, бүкіл халықтың игілігіне бағытталған экономикалық өсудің және қазақстандық патриотизмнің мызғымастығын қорғай отырып; ел Президентінің билік өкілеттігін берудің демократиялық және құқықтық сипатын жоғары бағалай отырып;

Елбасының Қазақстанның жаңа елордасын құрудағы айрықша рөлін, саяси ерік-жігерін және орасан зор еңбегін атай отырып, елдің Тұңғыш Президентіне Қазақстан халқына сіңірген еңбегі үшін зор құрмет пен алғыс білдіре отырып; болашақ ұрпақ алдындағы өз жауапкершілігімізді сезіне отырып, тарихымыздың осы бір маңызды кезеңінде Қазақстан халқына Үндеуімізді жолдаймыз.

Тәуелсіздіктің барлық жетістіктері – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің көшбасшылығы мен барша қазақстандықтардың жалпыұлттық бірлігі, қажырлы еңбегі және ұмтылысының салтанаты.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қашанда біздің Елбасымыз, тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы тұлға, ел ішінде және халықаралық аренада орасан зор беделге ие әлемдік деңгейдегі саясаткер болып қала береді. Оның ерік-жігері мен табандылығының арқасында Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болып қалыптасты.

Сондықтан біз, Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының мүшелері, Астана қаласын Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атауды дұрыс әрі уақытылы шешім деп есептейміз және оны қолдаймыз. Бұл шешімді тарихи әділеттілік және Елбасының Тәуелсіз Қазақстан мен елордамыздың қалыптасуына сіңірген ерен еңбегіне деген зор құрмет ретінде қабылдаймыз.
Біздің – бір Елбасымыз, бір еліміз, бір халқымыз, бір тағдырымыз бар!

Біз барлық қазақстандықтарды татулық пен бірлікке және басты құндылықтарымызға құрметпен қарауға шақырамыз. Себебі қазақстандық жолдың сабақтастығы біздің әрқайсымызға тікелей байланысты.
Біз Қазақстанның Тұңғыш Президенті айқындаған елдің стратегиялық басымдықтарына сөзімізбен де, ісімізбен де толық қолдау көрсетуге және Елбасының Тәуелсіздікті күшейтуге, елді жүйелі жаңғыртуға және әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатын бірлесіп жалғастыруға тиіспіз.
Біз бекем бірліктің арқасында ғана алдымызда тұрған барлық мақсаттарға қол жеткізіп, ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі мен өркендеуін қамтамасыз ете аламыз!

Үндеуге қол қойғандар:

«Nur Otan» партиясы, «Ақ Жол» Демократиялық партиясы, Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Бірлік» саяси партиясы, «Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Қазақстан кәсіпкерлерінің форумы» заңды тұлғалар бірлестігі, «G-Global-дың Халықаралық хатшылығы» қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстан украиндарының радасы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан мүгедектерінің конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қарулы күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Республикалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағы» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан жазушылар одағы» қоғамдық бірлестігі, «Qazaqstan ardagerleri» қауымдастығы, «ДОС» тәуелсіз өмір орталығы» мүгедектер қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы, «Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымдарының одағы» қоғамдық бірлестігі, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы