"Демалысын тойлады". Әйел балаларын екі күн қараусыз қалдырған

Павлодар облысында әйел екі баласын үйде жалғыз қалдырып, еңбек демалысын достарымен бірге атап өтуге кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көршілерінің қырағылығының арқасында балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, анасы жауапкершілікке тартылды.

Полицияға пәтерде екі күн қатарынан ата-анасыз отырған балалар туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына учаскелік инспекторлар мен ювеналдық полиция қызметкерлері дереу жетіп, пәтерде балалардың қараусыз қалғанын растады. 

Белгілі болғандай, анасы еңбек демалысын тойлау үшін таныстарына қыдыруға кеткен.

Анасы табылғаннан кейін оған медициналық куәландыру жүргізілді. Сараптама нәтижесінде оның мас күйде болғаны анықталды. Ол балаларды тәрбиелеу жөніндегі ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, оның іс-әрекеті кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралатын болады.

Балалар "Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау өңірлік орталығына" уақытша орналастырылды. Қазіргі таңда олардың денсаулығы мен психоэмоционалды жағдайы мамандардың бақылауында, - деп мәлімдеді Павлодар облыстық полиция департаменті.

Полиция қызметкерлері ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Кәмелетке толмағандарды қараусыз қалдыру олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Мұндай әрекеттер заң жүзінде жазаланады, - дейді құқық қорғаушылар.

Еске салайық, осыған дейін жүріп бара жатқан көлікке жармасқан балалардың ата-анасы жауапқа тартылған болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы