Демалыс күндері ауа райы қандай болады? Синоптиктер болжамы жарияланды
Елде 41 градусқа дейін аптап ыстық күтіледі.
Алдағы үш күнде Қазақстанға кезекті аптап ыстық толқыны келеді. Кей өңірлерде термометр бағаны 41 градусқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Қазгидромет» РМК болжамы бойынша, Иран аумағынан келетін жылы ауа массалары еліміздің барлық өңірінде ауа температурасының көтерілуіне себеп болады.
«Еліміздің солтүстігі мен шығысында 35-39 градусқа дейін, оңтүстігінде 35-41 градусқа дейін, ал батысы мен орталығында 36-41 градусқа дейін өте қатты ыстық болады», - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, еліміздің батысы мен солтүстік-батысындағы ауа райын Солтүстік-батыс циклоны және онымен байланысты атмосфералық фронтальды жүйелер қалыптастырады.
Синоптиктердің мәліметінше, 9 тамызға қарай бұл өңірде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді, ал кей аудандарда бұршақ жаууы мүмкін.
Республиканың шығысында кезеңнің басында, сондай-ақ оңтүстік және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында барлық күндері оңтүстік циклонның әсерінен жаңбыр жауып, найзағай күтіледі.