Демалыс күндері ауа райы қандай болады?
Алдағы күндері Қазақстан аумағында ауа райы құбылмалы болады. Еліміздің көптеген өңірінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады, кей жерлерде жауын күшейіп, қатты жаңбыр мен бұршақ болуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Батыс, солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде жауын-шашын мол түседі деп күтілуде. Ауа температурасы өңірлерге қарай өзгеріп отыр:
Батыс аймақта күн ысиды: ауа температурасы 22–30 градустан 30–37 градусқа дейін жоғарылайды;
Солтүстік-батыста 20–30 градустан 23–33 градусқа дейін көтеріледі;
Солтүстікте температура 18–28 градус шамасында болады;
Орталық пен шығыста күн салқындап, 23–34 градустан 20–33 градусқа дейін төмендейді. Бұған дейін кей жерлерде 35–38 градусқа дейін жеткен аптап ыстық бәсеңдемек;
Оңтүстікте 25–35 градустан 29–37 градусқа дейін көтерілуі мүмкін;
Оңтүстік-шығыста 30–39 градусқа дейінгі қатты ыстық сақталады.
Синоптиктер ауа райының күрт өзгеруіне байланысты тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді. Әсіресе найзағай кезінде ашық далада болмау, бұршақ жауған жағдайда ағаш астында тығылмау ұсынылады.