Делиге қонған Air Astana жолаушылары орынсыз және сусыз қалды

Air Astana әуе компаниясының Алматыдан Бангкокқа бағытталған түнгі рейстегі ұшағы Делидегі әуежайға шұғыл түрде қонды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, жолаушылар ұшу кезінде сол жақ қозғалтқыш тұсынан қатты тарсыл естілгенін айтқан.

Бұл оқиға ұлттық тасымалдаушы ұшағымен қысқа уақыт ішінде болған екінші оқыс жағдай болды. Бұған дейін, 17 желтоқсанда Алматы – Астана бағыты бойынша ұшқан Airbus A321 әуе кемесінің салонында түтін пайда болып, экипаж MAYDAY дабылын жариялап, ұшып шыққан әуежайға қайта оралу туралы шешім қабылдаған.

Кезекті оқиға 18 желтоқсанға қараған түні Алматы – Бангкок бағыты бойынша ұшқан KC931 рейсімен байланысты болды. Михаил Козачковтың Telegram-арнасында жолаушылардың хабарлауынша, ұшу барысында олар сол жақ қозғалтқыш маңынан анық тарсыл естіген, содан кейін ұшақ күрт төмендей бастаған, ал салонда күйік иісі сезілген.

Нәтижесінде экипаж ұшақты Делидегі әуежайға қондыру туралы шешім қабылдады. Жолаушылардың айтуынша, оларды екі сағаттан астам уақыт бойы ұшақ ішінде ұстап, кейін әуе кемесінің ақаулы екені және ұшуды жалғастыру мүмкін еместігі хабарланған. Кейін жолаушылар әуежай терминалына жеткізілген.

Сағат 08:51-де Air Astana KC931 рейсі Делиге аман-есен қонғанын, жолаушыларға тамақ пен сусын берілгенін, сондай-ақ визалар рәсімделгенін мәлімдеді. Алайда 09:30-да Делидегі әуежайда отырған жолаушылар су берілмегенін, тар гейтте тұрғандарын және барлығына отыратын орын жетпейтінін хабарлады.

Оқиғадан кейін қоғамдық кеңістікте әуе компаниясына қатысты көрінеу жалған ақпарат таратуы мүмкін деген негізде қылмыстық іс тіркеу туралы үндеулер айтылды. Дегенмен, қазіргі уақытта бұл мәселе бойынша құқық қорғау органдарының ресми мәлімдемелері жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы – Бангкок рейсі техникалық себеппен Делиге шұғыл қонғанын хабарлаған едік.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы