СІМ шетелде жұмысқа орналастыру жөніндегі делдал алаяқтардан сақтануды ескертті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыртқы істер министрлігі Норвегияға заңсыз маусымдық еңбекпен айналысуға баратын Қазақстан азаматтарына жұмыс берушілер арасындағы алаяқтық фактілері туралы ескертеді. 

«Маусымдық жұмысқа құжатты рәсімдеу жөніндегі норвегиялық ережелер өте қатаң. Сондықтан Норвегияға Қазақстандағы басқа Еуропа елдерінің елшіліктері арқылы рәсімделген «шенген» визасымен келуге және осы елдің аумағында құжаттарды маусымдық жұмысшы ретінде беруге рұқсат берілмейді. Қазақстан азаматтары үшін тиісті рұқсаттар мен визаларды Норвегияның Мәскеудегі елшілігі ғана береді», - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

Ол қажетті сауалнамалардың нысандары және құжаттарды берудің бекітілген арналары мен талаптары осы дипломатиялық миссияның веб-сайтында көрсетілгенін еске салды. 

«Бұл ретте маусымдық келісімшарт Норвегияда алты айдан аспайтын уақыт жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, ол аяқталған соң елден кетуді талап етеді. Барлық азаматтарды шетелде жұмысқа орналастыру жөніндегі агент ретінде интернетте өздерін жарнамалайтын делдал алаяқтардан сақ болуды сұраймыз», - деді ол.

Оның сөзінше Норвегияда заңсыз жұмыс істейтін қазақстандықтар туралы нақты ақпарат жоқ. Десе де «жұмысқа орналастырамын» деп ақша алып, алайда көп ұзамай ізін суытқан агенттер туралы фактілер анықталып жатыр. 

«Мұндай фактілер туралы Норвегия билігі сол жердегі елшілікті хабардар етті. Бұл азаматтарымыздың интернеттегі жарнамаға сенетінін көрсетеді. Бүгінде шетелде жұмысқа орналасу қызметін ұсынатын көптеген компания пайда болды. Олар ешқандай кепілдік бермейді және азаматтарымызды алдайды. Осындай компаниялармен кері байланыс орната алмаған соң елшілікке жүгінеді. Сол себепті баратын елдердің ережелерін, заңдарын алдын ала біліп алған соң ғана шетелге шығуға болады», - деді  Смадияров.

Оның сөзінше, азаматтар алданғаны туралы айтқысы келмейді. 

«Сондықтан арызбен шағымданбайды. Тек қана елшіліктерге келіп өздерінің жағдайын айтады, әрі қарай жалғастырғысы келмейді, бас тартады. Сондықтан сақ болуын талап етеміз. Оңтүстік Корея, Чехияда, Англияда осныдай фактілер тіркелді. Турист визасымен барады да, заңсыз жұмыс істейді. Компаниялар барлығы жақсы болады деп сендіреді. «Құжат толтырып жатырмыз, шыдаңыз» деп жүргенде азаматтың визасының уақыты бітеді. Автоматты түрде заңды мәртебеден заңсызға өтеді. Сол елдің билігі мұны қалай анықтайды, солай азаматты келген жағына депортациялайды. Оған белгіленген мерзімде сол елге баруға рұқсат етілмейді. Сөйтіп азаматтар болашақта сол елдерге баратын есігін жабады», - деді ол. 

СІМ ресми өкілі алаяқтыққа тап болған қазақстандықтарға ішкі істер органдарына хабарласуын сұрады. Себебі ІІО мұндай жұмысқа орналастыру жөніндегі компанияларды азаматтардың арыз-шағымынан кейін ғана тексере алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы