29 Қыркүйек 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ архиві

583 адам декреттік төлемді қайтаруға міндеттелді: Қор ақшаны неге кері сұрайды?

2025 жылдан 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жүктілікке және босануға байланысты артық төленген қаражатты өндіріп алу үшін 583 алушыға қатысты сотқа талап-арыз берген. Талап етілген жалпы сома – 1,4 млрд теңге. BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына жауап берген Қор ақшаның не себепті кері сұралатынын және төлемдерді тексеру тәртібі қалай өзгергенін түсіндірді.

Қор мәліметінше, сотқа берілген 583 талап-арыздың 191-і қаралып жатыр. Ал 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 453 алушы артық алынған әлеуметтік төлемнің жалпы 330,6 млн теңгесін қайтарған. Қор тағы 822 млн теңге өндіріп алынуға тиіс екенін хабарлады.

Төлемді қайтаруға не себеп болады?

Редакция Қордан әлеуметтік аударымдарды жасанды көбейту, жалған еңбек қатынастары және табысты негізсіз көрсету сияқты жағдайлар бойынша жеке статистиканы сұраған. Алайда қордағылар мұндай жағдайлар көбіне қолма-қол берілген жалақыны растайтын құжаттарға қатысты болады деп жазды.

Атап айтқанда, жұмыс берушілер немесе жеке кәсіпкерлер ұсынған еңбек шарттары мен шығыс кассалық ордерлер тексерілуі мүмкін.  Қордың түсіндіруінше, төлем тағайындалғаннан кейін адамның ай сайынғы кіріс алғанын растайтын құжаттар күмән тудырса, материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі.

Қор әлеуметтік төлемді тағайындау үшін қажетті құжаттардың жалғандығын айқындайтын орган болып табылмайды. Осыған байланысты күмән тудыратын құжаттар ұсынылған жағдайларда Қор әлеуметтік төлем тағайындалғаннан кейін тиісті құжаттарды құқық қорғау органдарына жолдайды, - делінген жауапта.

Сонымен қатар, құқық қорғау органдары анықтаған жалған еңбек қатынастары фактілері бойынша 41 қылмыстық іс қозғалған. Әлеуметтік төлемді жоғары мөлшерде алуға бағытталған құқыққа қайшы әрекеттерге қатысты 14 үкім шығарылған.

Қор қандай деректерді тексереді?

Әлеуметтік кодекске сәйкес, жұмыс беруші немесе жеке кәсіпкер әлеуметтік аударымдарды ай сайын есептеп, есепті айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей төлеуге тиіс. Төлем тағайындау туралы өтінішті қарағанда Қор қажетті мәліметтердің анықтығын мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, әлеуметтік аударым төлеушіден және өтініш берушіден сұрау арқылы тексере алады.

Тексеруге негіз болуы мүмкін жағдайлар мыналар:

  • әлеуметтік аударымдардың кеш немесе толық түспеуі;
  • әлеуметтік аударым сомасының жұмыскердің не жеке кәсіпкердің кірісінен аударылған міндетті зейнетақы жарналарына сәйкес келмеуі;
  • құжаттардағы мәліметтердің мемлекеттік органдар мен ұйымдардың цифрлық жүйелеріндегі деректермен сәйкес келмеуі;
  • бір кезең үшін орналасқан жері мен қызметі әртүрлі өңірлерде тіркелген екі немесе одан көп төлеушіден әлеуметтік аударым түсуі;
  • әйел жүктілік бойынша медициналық есепке қойылғанға дейін әлеуметтік аударымдардың болмауы.

Қордың талабымен келіспегендер бар ма?

Артық төленген соманы өндіріп алу туралы азаматтық істер бойынша екі алушы сот шешіміне апелляциялық шағым түсірген. Бір іс бойынша апелляциялық сатыда соманы бөліп қайтару туралы медиативтік келісім жасалған. Екінші алушының шағымы қанағаттандырылмаған.

Декреттік төлемді есептеу тәртібінде не өзгерді?

Қордың жауабына сәйкес, 2025 жылғы 8 сәуірден бастап жүктілікке және босануға байланысты төлемді есептегенде өтініш берушінің орташа айлық кірісі ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерімен шектеледі. Сондай-ақ төлем алу құқығы туындаған күннен кейін Қорға түскен әлеуметтік аударымдар оның мөлшерін есептеуге қосылмайды.

Бұл өзгерістер жүктілікке және босануға байланысты, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайындағы әлеуметтік төлемдерге қатысты енгізілген, - делінген жауапта.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап кірістің анықтығын растау тәртібі де өзгерді.

Енді міндетті зейнетақы жарналарының аударылғаны, олардың әлеуметтік аударымдармен және Мемлекеттік кірістер комитетінің цифрлық жүйесіндегі жеке табыс салығы туралы деректермен сәйкестігі қаралады. Бұған қоса, Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде еңбек шарты туралы мәліметтің болуы ескеріледі.

Ал 15 шілдеден бастап төлем тағайындалғаннан кейін оны есептеуге алынған кіріс туралы мәліметтерді Мемлекеттік кірістер комитетінің цифрлық жүйесіндегі деректермен салыстырып тексеруге бағытталған өзгерістер күшіне енді. Қор мұны кірісті жасанды ұлғайту жағдайларының алдын алу шарасы деп түсіндірді.

Табысы жоғары әйелдер мен бірнеше жерде жұмыс істейтіндерге қалай әсер етеді?

Қордың түсіндіруінше, төлем мөлшері міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің әр қатысушысы үшін жеке есептеледі. Оған Қорға әлеуметтік аударым төленген орташа айлық кіріс негіз болады, бірақ белгіленген ең жоғары мөлшер ескеріледі.

Орташа айлық кірісі ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінен асатын жұмыскерлер үшін жұмыс беруші тарапынан қосымша ақы төлеу мүмкіндігі бар. Қордың түсіндіруінше, мұндай төлем еңбек немесе ұжымдық шартта, не жұмыс берушінің актісінде көзделуі мүмкін. Бұл жағдайда Қор тағайындаған төлем сомасы жұмыскердің орташа жалақысы сақтала отырып есептелетін демалыс ақысынан шегеріледі.

Егер қосымша төлем жұмыс берушінің құжаттарында көзделмесе, жұмыскер оны енгізуге бастамашылық жасай алады. Қор ресми түрде жұмыс істейтін, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын азаматтарға төлем тағайындау рәсімі проактивті форматта төрт жұмыс күніне дейін жүргізілетінін де хабарлады.

Төлемді қайтару туралы талап алған адам не істеуі керек?

Қордың тексерісі нәтижесінде төлемді қайтару туралы талап қойылса, азамат ең алдымен оның қандай деректер мен есепке негізделгенін анықтауы керек. Заңгер, медиатор Сания Мырзабекқызы Қордан талаптың құқықтық және фактілік негізін жазбаша түрде сұратуға кеңес береді.

Атап айтқанда, Қор филиалының әлеуметтік төлемді қайта есептеу туралы шешімін, артық төленді деп көрсетілген соманың толық есебін, қай есептік кезеңдегі қандай табыс немесе әлеуметтік аударым есептен шығарылғанын сұрату қажет. Сондай-ақ жұмыс берушіден, мемлекеттік кірістер органдарынан және өзге ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер мен анықталған сәйкессіздіктер туралы материалдар керек, - дейді заңгер.

Сания Мырзабекқызының айтуынша, 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданыстағы Қағидалардың 78-тармағына сәйкес, артық есептелген немесе төленген сома анықталса, Мемлекеттік корпорация Қор филиалының шешімі негізінде алушыға үш жұмыс күні ішінде хабарлауға тиіс. Хабарламада ақшаны қайтару себептері көрсетілуі керек.

Қор ұсынған есепті алғаннан кейін азамат оны өзіндегі құжаттармен салыстырғаны жөн. Заңгер еңбек шартын, жұмысқа қабылдау туралы актіні, банк шотына жалақының нақты түскенін көрсететін үзінді көшірмені, жұмыс уақытының табелін, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар туралы мәліметтерді тексеруді ұсынады.

Негізгі мәселе – еңбек қатынастарының және есепке алынған табыстың шынайылығын құжатпен растау, – деп түсіндірді ол.

Жұмыс беруші заң бұзса, ақшаны әйел қайтара ма?

Заңгердің айтуынша, жұмыс беруші ұсынған мәліметтерден заңбұзушылық анықталуы жауапкершілік автоматты түрде төлем алған әйелге жүктеледі дегенді білдірмейді. Әр тараптың әрекеті жеке бағалануға тиіс.

Егер әйел нақты жұмыс істегенін, жалақы алғанын, еңбек шартының шынайы болғанын және Қорға өзі жалған құжат не көрінеу дұрыс емес мәлімет бермегенін дәлелдесе, жұмыс берушінің есептілігіндегі бұзушылық оған қандай негізбен жүктеліп отырғаны тексерілуі қажет.

Сания Мырзабекқызы қолданыстағы Қағидалардың 21-тармағына да назар аударды. Оның түсіндіруінше, цифрлық жүйелер арқылы берілетін деректердің толықтығы, түпнұсқалылығы, анықтығы және уақытылы берілуі үшін сол жүйелердің әкімшілері жауап береді.

Сондай-ақ заңгер Қағидалардың 55-тармағына сәйкес, сот актілері немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының актілері негізінде заңсыз деп танылған кірістен түскен әлеуметтік аударымдар кейінгі әлеуметтік төлемді есептегенде ескерілмейтінін айтты.

«Жұмыс берушіде заңбұзушылық бар» деген жалпы тұжырым жеткіліксіз. Нақты қандай кіріс заңсыз деп танылғаны, оны қандай акт растайтыны және әйелдің сол әрекетке қатысы бар-жоғы анықталуға тиіс, – дейді ол.

Дегенмен төлемнің заң бойынша артық есептелгені дәлелденсе, Қор артық төленген соманы қайтару мәселесін қоя алады. Сондықтан заңгер еңбек қатынастарының шынайылығын және азаматтың өзі жалған мәлімет ұсынбағанын көрсететін дәлелдерді сақтаудың маңызды екенін атап өтті.

Қордың талабымен келіспесе, қайда жүгінеді?

Сания Мырзабекқызының айтуынша, азамат Қордың шешімін әкімшілік тәртіппен, ал заңда көзделген жағдайда сотта даулауға құқылы. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 92-бабына сәйкес, жалпы тәртіп бойынша шағым әкімшілік акт немесе әрекет туралы білген күннен бастап үш айдан кешіктірілмей беріледі. Дәлелді себеппен мерзім өткізіліп алынса, оны қалпына келтіру мәселесін қоюға болады.

Шағымға еңбек шарты, жұмысқа қабылдау туралы акт, жалақы түскенін көрсететін банк үзінді көшірмелері, жұмыс уақытының табелі, БЖЗҚ және әлеуметтік аударымдар туралы мәліметтер қоса беріледі. Нақты орындалған жұмысты растайтын құжаттар мен хат-хабарлар да маңызды. Бұлармен бірге Қордың шешімі мен қайтару сомасының есебін ұсыну қажет.

Заңгердің сөзінше, дауда бірнеше сұраққа нақты жауап берілуі керек: азамат шынымен еңбек қатынасында болды ма, табыс алды ма, әлеуметтік аударымдар қандай кірістен төленді, Қорға жалған мәліметті өзі ұсынды ма және Қор қай кірісті қандай заңдық негізбен есептен шығарды?

Әкімшілік шағымның нәтижесімен келіспеген жағдайда азамат сотқа жүгіне алады.

Декреттік төлемді қайтару туралы хабарлама келгені төлемнің заңсыз алынғанын автоматты түрде білдірмейді. Қордың шешімі, есептеу әдісі, еңбек қатынастарының шынайылығы және әр тараптың әрекеті нақты құжаттар негізінде жеке тексерілуі тиіс, - деп түйіндеді Сания Мырзабекқызы.