24 Қараша 2026, 10:31 Фото: ©️ BAQ.KZ / Артем Чурсинов

Декреттік төлем 3,2 млн теңгеге дейін өсуі мүмкін: 2027 жылы аналар қанша алады?

Қазақстанда 2027 жылы жүктілік пен босануға байланысты берілетін ең жоғары әлеуметтік төлем мөлшері артуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Егер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтерілсе, қалыпты босану кезінде төленетін ең жоғары сома 3 234 000 теңгеге жетеді. Ал босану асқынған немесе егіз және одан да көп бала туған жағдайда төлем 3 595 900 теңге болуы мүмкін.

Алайда бұл – есептік болжам. Әлеуметтік төлемнен 10% міндетті зейнетақы жарнасы ұсталады. Осыны ескергенде, болашақ ананың қолына қалыпты босану кезінде 2 910 600 теңгеге дейін, ал босану асқынған немесе бірнеше бала туған жағдайда 3 236 310 теңгеге дейін қаражат тиеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратынша, қазіргі уақытта әлеуметтік төлемді есептеу кезінде ескерілетін ең жоғары айлық табыс 595 мың теңгені құрайды. Бұл – ең төменгі жалақының жеті есесі. Сондықтан 2026 жылы қалыпты босану кезіндегі ең жоғары біржолғы төлем 2 499 000 теңге болады.

Егер 2027 жылы ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін өссе, есепке алынатын табыстың шекті мөлшері де 770 мың теңгеге дейін ұлғаяды.

Әлеуметтік төлемді кімдер ала алады?

Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдер жүктілік пен босануға, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан біржолғы әлеуметтік төлем алуға құқылы.

Төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын және өздері үшін әлеуметтік аударымдар төленген әйелдерге тағайындалады. Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалар әлеуметтік аударымдарды өздері аударады.

Біржолғы төлемді Қор бір рет толық көлемде төлейді.

Төлем мөлшері қалай есептеледі?

Әлеуметтік төлемнің мөлшері екі негізгі көрсеткішке байланысты. Біріншісі – декреттік демалысқа шыққанға дейінгі соңғы 12 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс. Екіншісі – еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетілген демалыс күндерінің саны.

Орташа айлық табыс босану жағдайына қарай белгіленген коэффициентке көбейтіледі.

Қалыпты босану кезінде еңбекке уақытша жарамсыздық парағы 126 күнге беріледі. Бұл жағдайда 4,2 коэффициенті қолданылады.

Ал босану асқынған немесе егіз және одан да көп бала дүниеге келген жағдайда демалыс ұзақтығы 140 күнді құрайды. Мұндай кезде 4,67 коэффициенті пайдаланылады.

Ядролық сынақтар жүргізілген аймақтарда тұратын әйелдер үшін жоғары коэффициенттер қарастырылған.

Егер босанғаннан кейін асқынулар туындап, қосымша 14 күнге еңбекке уақытша жарамсыздық парағы берілсе, Қор әлеуметтік төлем мөлшерін автоматты түрде қайта есептейді.

Жұмыс беруші қосымша төлем төлей ала ма?

Әлеуметтік төлемді есептеу кезінде ескерілетін ең жоғары табыс мөлшері 7 ең төменгі жалақымен шектеледі. Егер әйелдің нақты жалақысы осы шектен асып кетсе, айырмасын жұмыс беруші өтей алады.

Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер еңбек немесе ұжымдық шартта қызметкерге орташа жалақысының толық мөлшеріне дейін қосымша төлем төлеу тәртібін қарастыра алады.

Декреттік төлемді қалай рәсімдеуге болады?

Төлем тағайындауға жүктіліктің 30-аптасынан бастап рәсімделетін еңбекке уақытша жарамсыздық парағы негіз болады. Өтінішті осы құжат берілген күннен бастап 12 ай ішінде тапсыру қажет.

Төлем алу үшін табысы туралы анықтамалар жинаудың қажеті жоқ. Еңбек өтілі мен әлеуметтік аударымдар туралы мәліметтер мемлекеттік дерекқорлардан алынады.

Электрондық еңбекке уақытша жарамсыздық парағы рәсімделгеннен кейін ақпараттық жүйе әйелдің әлеуметтік төлем алуға құқығын автоматты түрде тексеріп, оны рәсімдеу туралы SMS-хабарлама жібереді.

Өтінішті eGov.kz порталы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы онлайн беруге немесе ХҚКО-ға жүгінуге болады.

Неліктен төлемді Қор жүзеге асырады?

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілгенге дейін жүктілік пен босануға байланысты төлемді жұмыс беруші жүзеге асыратын. Бұл кейбір компаниялардың бала тууды жоспарлап жүрген әйелдерді жұмысқа қабылдаудан бас тартуына немесе олармен еңбек шартын мерзімінен бұрын бұзуына себеп болған жағдайлар кездескен.

Төлемді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына көшіру арқылы бизнестің тікелей қаржылық жүктемесі азайтылды. Ал жұмыс істейтін әйелдер ресми табысы мен өздері үшін төленген әлеуметтік аударымдарға сәйкес мемлекеттен қаржылық қолдау алу мүмкіндігіне ие болды.

Биылғы жылдың 10 айында жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді 130,1 мың әйел алған. Төленген қаражаттың жалпы сомасы 144,6 млрд теңгені құрады.