16 Қазан 2026, 17:41 Фото: pixabay.com

Декреттегі аналарға төлем: Кім алады, кімге берілмейді?

Қазақстанда бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алатын ана жұмысқа шыққан жағдайда да төлем белгіленген мерзім аяқталғанға дейін сақталады. Сонымен қатар бала тууына байланысты бюджеттен берілетін жәрдемақылар отбасының әл-ауқат санатына қарай тағайындалады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Әлеуметтік саясаттағы мақсаттылық қағидаты» тақырыбындағы брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне екі жыл және одан да көп уақыт қатысқан әйелдерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін бала күтіміне байланысты төлем отбасының санатына қарамастан сақталады.

Ал мұқтаждық қағидаты бюджеттен төленетін бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақыға қолданылады. Мұндай төлем С, D және Е санатындағы отбасыларға тағайындалады.

Жұмыс істемейтін әйелдерге республикалық бюджет есебінен екі түрлі төлем беріледі: бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы және бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы. Министрдің түсіндіруінше, бұл екі төлем де отбасының мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалады. С, D және Е санатындағы отбасылардың төлем алу құқығы сақталады, ал А және В санатындағы отбасыларға бұл жәрдемақылар берілмейді.

Жұмысқа шыққан ана төлемнен айырылмайды

Министр әйелдердің жұмыспен қамтылуына кедергі келтіретін шектеудің алынып тасталғанын да атап өтті. Енді анасы бала бір жарым жасқа толғанға дейін жұмысқа шықса, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем тоқтатылмайды. Ол белгіленген мерзім аяқталғанға дейін төлене береді.

Әйел жұмысқа оралу мен әлеуметтік төлемді сақтап қалудың бірін таңдамауы керек, – деді Асқарбек Ертаев.

Сонымен қатар жүктілікке және босануға байланысты төлем отбасының санатына қарамастан, бұрынғы тәртіппен сақталады.

Министрдің айтуынша, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты төлемді алушылар шеңбері де нақтыланады. Бұл төлемді алу құқығы анаға бекітіледі.

Осылайша, ана болуға байланысты әлеуметтік сақтандыру кепілдіктері сақталып, төлемдер олардың мақсаты мен қаржыландыру көзіне қарай ажыратылады.

Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың отбасы әл-ауқат деңгейін бағалайтын арнайы калькулятордың нәтижесі бойынша В санатына жатқызылды.

Тағы оқи отырыңыз:

Әкесі декреттік демалысқа шықса, төлем ала ма? Министр түсіндірді

Декрет, емделу, жәрдемақы мен зейнетақы: Мемлекет қазақстандықтарға қандай кепілдік береді?