Декреттегі аналар жұмыссыз ретінде төлем ала ала ма? – Ресми жауап
Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем мен жұмысынан айырылу бойынша төлем қатар тағайындалмайды.
Қазақстанда жұмысынан айырылғандарға мемлекет төлем береді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі BAQ.KZ редакциясының төлемді нақты кім ала алатыны жайлы сұрағына жауап берді.
Бұл сұраққа қолданыстағы заңнама аясында нақты жауап берілген.
Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі азаматтар белгілі бір әлеуметтік тәуекелге ұшыраған жағдайда табыстың бір бөлігін өтеуге бағытталған. Бұл жүйе мемлекет тарапынан ұйымдастырылып, бақыланып және кепілдендіріледі.
Қолданыстағы Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі бойынша әлеуметтік тәуекелдер қатарына:
• жұмысынан айырылу,
• еңбекке қабілеттіліктен айырылу,
• асыраушысынан айырылу,
• жүктілік және босану,
• жаңа туған баланы асырап алу,
• сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оны күтуге байланысты табыстан айырылу жатады.
Осыған сәйкес, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем бала бір жарым жасқа толғанға дейін оны күтуді жүзеге асыратын адамға тағайындалады. Яғни, бұл кезеңде азамат бала күтімімен айналысып, табыс табу мүмкіндігін уақытша жоғалтады. Сол себепті мемлекет жоғалтқан табыстың бір бөлігін өтейді, - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің редакциямызға берген жауабынада.
Алайда заңнамада маңызды шектеу бар. Бала күтімі кезеңіндегі әлеуметтік тәуекел мен жұмысынан айырылу тәуекелі бір уақытта қатар қарастырылмайды.
Атап айтқанда, жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем тек ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға ғана беріледі. Бұл талап Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 99-бабы негізінде белгіленген.
Сонымен қатар, Кодекстің нормаларына сәйкес, жұмыссыз деп жұмыс іздеп жүрген және жұмысқа кірісуге дайын адам танылады. Ал бала күтімі демалысында отырған адам бұл кезеңде жұмысқа бірден кірісуге дайын деп есептелмейді.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі бойынша жұмыс беруші қызметкерге (анасына немесе әкесіне) бала 3 жасқа толғанға дейін жалақы сақталмайтын демалыс беруге міндетті. Бұл кезеңде қызметкердің жұмыс орны толық сақталады.
Осылайша, бала күтімі демалысында отырған әйелдерге жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем тағайындалмайды. Себебі олар ресми түрде жұмыссыз мәртебесіне ие емес және олардың жұмыс орны сақталады.
Ал мемлекет бұл кезеңде бала күтіміне байланысты жеке әлеуметтік төлем арқылы қолдау көрсетеді.
Еске салайық, бұған дейін декреттен шыққан аналарға қолдау көрсетілетіні хабарланды.